АТҚАРУ КОМИТЕТІ: ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖҰМЫСЫ МЕН ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘРТІП КҮШЕЙТІЛЕДІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы Атқару комитетінің кеңейтілген кеңесі офлайн форматта өтті. Жиынға облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова, аппарат қызметкерлері, комитет мүшелері, сондай-ақ аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Отырыс барысында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Күн тәртібі бойынша облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов 2025 жылғы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағындағы мүшелік және кәсіподақ органдары туралы жиынтық статистикалық есептіліктің қорытындыларын баяндады. Баяндамада ұйым қызметінің нәтижелері мен алдағы жұмыс бағыттары жан-жақты талданды.
Өз кезегінде ұйымның заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай 2025 жылғы құқық қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайлары жөніндегі жұмыс нәтижелеріне тоқталды. Кәсіподақ заңгерлері білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстарды саралап, еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.
Күн тәртібіндегі қаржылық мәселелер де кеңінен қаралды. Облыстық кәсіподақ ұйымының бас есепшісі Алтын Базаргалиева 2025 жылғы бюджет кірістері мен шығыстары сметасының орындалуы туралы есеп беріп, 2026 жылға арналған кірістер мен шығыстар сметасын бекіту жөнінде ұсыныс жасады. Сонымен қатар, мүшелік ұйымдардың кәсіподақ жарналарын жинау және жұмсау барысындағы қаржылық тәртіп пен есептілікті нығайту бағытындағы жұмыстар сөз болды.
Жиында оқыту семинарлары да назардан тыс қалмады. Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлмира Избагамбетова аудандық ұйым аясында кәсіподақ кадрлары мен белсенділерін оқыту тұжырымдамасы негізінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, белсенділердің кәсіби деңгейін арттырудың тиімді жолдарын ортаға салды.
Басқосу соңында облыстық ұйым төрағасы Раушан Серікова қаралған бағыттар бойынша аудандық ұйым жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Облыстық ұйым көшбасшысы еңбек қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды, ұжымдық шарттарда көзделген әлеуметтік міндеттердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ ақпараттық жұмысты және қаржылық есептілікті күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, жұмыс барысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша кәсіподақ жетекшілеріне жұмысты жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданып, алдағы кезеңге нақты міндеттер айқындалды. Қабылданған шешімдер кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жүйелеуге, олардың тиімділігін арттыруға және сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды одан әрі күшейтуге бағытталды.
-
Фото
-