ЕҢБЕК АДАМЫ
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, М.В. Ломоносов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, білім саласында 40 жылдан бері адал еңбек етіп келе жатқан Абраимова Нұргүл Сейтжапарқызының педагогикалық жолы жастардың санасына білім нәрін сеуіп қана қоймай, олардың рухани әлемін байытып, нағыз азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған терең мағыналы, асыл мұратты еңбек. 40 жылдық ұлағатты ғұмыры сансыз сабақтар, шәкірттерінің әліппенің алғашқы әрпінен бастап, терең білімге ұмтылған айқын жолдары, олардың жарқын жетістіктері мен айтулы жеңістері. Әрбір шәкірті қажырлы еңбегінің жемісі, жүрегінің бір бөлшегі.
Ұстаз-зерттеуші ретіндегі белсенділігі Нұргүл Сейтжапарқызының кәсіби өрлеуінің айқын көрінісі. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадаларда шәкірттерінің жүлделі орындарды иеленуі – бұл оның сабаққа деген терең дайындығын, инновациялық оқыту әдістерін шебер қолдана білуін, және ең бастысы, шәкірттерінің бойындағы дарындылықты уақытында ашып, оны бағыттай алған ұлағатты ұстаздығын айғақтайды.
Мектеп кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретіндегі ұзақ жылғы еңбегі Нұргүл Сейтжапарқызының ұжымдық рухқа, әріптестеріне деген құрметке, қоғамдық белсенділікке ерекше мән беретінін паш етеді. Жас әріптестеріне үлгі боларлық еңбек жолы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы – бұл оның жан-жақты, рухани бай тұлға екендігінің айғағы.
Аудандық спартакиадаға жыл сайын қатысып, мылтық атудан үздік нәтиже көрсетіп, волейболдан жастармен бірге ойын өрнегін көрсетуі – оның спорттық жан-жақтылығын, жасына қарамастан белсенді өмір салтын ұстанғанын дәлелдейді. Ломоносов атындағы мектеп командасының спорттық жеңістеріне қосқан үлесі ерекше бағаға лайық.
Мәдени-бұқаралық шараларға деген ерекше ынтасы, ұйымдастырушылық қабілеті, жанынан табылатын энергиясы мен позитивті көзқарасы – мұның бәрі айналасындағыларға шабыт беріп, оң әсер етеді.
Биыл «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Бұл марапат – оның сан жылғы мінсіз еңбегі мен адал қызметінің лайықты бағасы.
Ұстазды лайықты марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, мықты денсаулық, алғыр шәкірттер және спорттық өмірінде жаңа жеңістер тілейміз.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы
-
Фото
-