БІЛІМ МЕН БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ – ӘЙЕЛ
Бүгін Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайының мәжіліс залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Білім мен бірліктің бастауы – әйел» атты салтанатты қабылдау өтті.
Дәстүрге айналған шараны «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Мерекелік жиынның басты мақсаты – білім саласында табысты еңбек етіп жүрген ұстаздар мен сала ардагерлерінің еңбегін құрметтеу, кәсіподақ қозғалысындағы нәзік жандардың белсенділігін атап өту және қоғамдағы әйел-ананың мәртебесін дәріптеу.
Салтанатты шараға білім саласының басшылары, аудандық және қалалық филиал төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенді мүшелері қатысты.
Мерекелік шарада облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов құттықтау сөзін сөйлеп, ұстаздардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Ол әйелдердің білім мен тәрбие саласындағы қажырлы еңбегі ел болашағын қалыптастырудағы маңызды күш екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов мерекелік лебізін білдіріп, сала қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігіне жоғары баға берді. Ол өз сөзінде білім саласындағы әйелдердің табандылығы мен адалдығы өскелең ұрпақ тәрбиесінде айрықша маңызға ие екенін жеткізді.
Салтанатты жиын барысында бірқатар кәсіподақ мүшелері салалық кәсіподақтың «Кәсіподақ ардагері», «Білім және ғылым қызметкерлеріне сіңірген еңбегі үшін», «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін», «Әлеуеттік әріптестікке қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, білім басқармасының және облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл – олардың көп жылғы адал еңбегіне берілген лайықты құрметтің айғағы болды.
Мерекелік басқосуда ардагер ұстаз, кәсіподақ ардагері Тұрлыхан Дөненбаев ақ батасын беріп, ұстаздар қауымына ізгі тілегін арнады. Ол өз сөзінде ел болашағын тәрбиелеп отырған педагогтердің еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін айтып, бірлік пен ынтымақтың нығая беруіне тілектестік білдірді.
Кешті Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің ұжымы мен білімгерлері дайындаған концерттік бағдарламасы көркемдей түсті. Әсем ән мен әсерлі шығармалар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-