ЖАРЫС АЛАҢЫНДА – ӘЙЕЛДЕР
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Текелі қалалық филиалы мен «Спортты дамыту және бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ-нің Текелі қалалық филиалының ұйымдастыруымен білім беру мекемелерінің арасында волейболдан қалалық жарыс өтті.
Аталған шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және білім саласы қызметкерлері арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайту.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тартысты ойындарға толы болды. Спорттық додаға 5 командадан 50 қатысушы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жарыстың ашылу салтанатында «Спортты дамыту және бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ Текелі қалалық филиалының жетекшісі Ғалымжан Сүлейменов әйел қауымын мерекемен құттықтап, мұндай спорттық шаралардың ұжым арасындағы ынтымақтастықты арттырып, бұқаралық спорттың дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Ал жарыстың бас төрешісі Бағдат Батырғалиев қатысушыларды жарыс ережесімен таныстырып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды №4 мектептің командасы иеленді. ІІ орын №1 мектептің командасына бұйырса, ІІІ орынды №8 мектептің командасы қанжығасына байлады.
Сонымен қатар «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы», «Үздік байланыстырушы», «Үздік қорғаушы» номинациялары бойынша да үздік спортшылар анықталды.
Жеңімпаздар «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Текелі қалалық филиалының бағалы сыйлықтары мен дипломдарымен, сондай-ақ «Спортты дамыту және бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ Текелі қалалық филиалының кубок және медальдарымен марапатталды.
Жетісу облысы, Текелі қалалық филиалы
-
Фото
-