ДАРЫНДЫ ҰСТАЗДАР ДОДАСЫ
Ақтөбеде Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен көркем еңбек және музыка пәні мұғалімдеріне арналған «Үздік педагог – 2026» облыстық байқауының аудандық кезеңі өтті.
Байқаудың басты мақсаты – шығармашылықпен жұмыс жасайтын, креативті ойлайтын, авторлық жаңашыл идеясы бар, шеберлігі жоғары, жан-жақты дамыған ұстаздарды анықтап, олардың мәртебесін көтеру және озық педагогикалық іс-тәжірибелерді кеңінен насихаттау.
Байқау барысында қатысушылар ашық сабақтар өткізіп, шығармашылық жобаларын таныстырды. Сонымен қатар, олар өздерінің авторлық идеялары мен педагогикалық тәжірибелерін қорғап, кәсіби шеберліктерін жан-жақты көрсете білді.
Байқау қорытындысы бойынша Қ.Жазықов атындағы орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Дидарбек Сағынов пен С.Ешбаев атындағы орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Раушангүл Жексенбаева жүлделі орындарға ие болып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Жеңімпаздар аудандық білім бөлімнің арнайы дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар, марапаттау рәсімінде аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұрат Жамаладин жүлдегерлерді құттықтап, шипажайға жолдамалар табыстады.