ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҰСТАЗ
Айгүл Мұсақұлова 34 жылдан бері білім саласында еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол талай шәкіртке сапалы білім беріп, олардың болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Оның басты мақсаты – әр оқушының қабілетін ашу, білімге деген қызығушылығын арттыру.
- Мен әр күнімде өзімді бақытты сезінемін. Себебі әр шәкірттің бойынан жаңа ой, жаңа талант көру мен үшін үлкен қуаныш, - дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Айгүл Айтқұлқызы.
Соның дәлелі ретінде ұстаздың оқушылары аудандық, облыстық ғылыми жобалар мен пән олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болып жүр. Жыл сайын түлектері ішінен «Алтын белгі» иегері атанып, жоғары оқу орындарының филология факультетіне грантпен оқуға түсетіндері бар. Бұл ұстаз еңбегінің нақты нәтижесі.
Айгүл Айтқұлқызы үнемі ізденіс үстінде. Ол түрлі республикалық байқауларға қатысып, семинарларда тәжірибесімен бөліседі. Әріптестері оны тәжірибелі маман ретінде құрметтейді, ал оқушылары сенімді кеңесші ретінде бағалайды. Әр сабағында ол тек білім беріп қана қоймай, оқушыларды адамгершілікке, жауапкершілікке тәрбиелейді. Бір сөзбен айтқанда Айгүл Айтқұлқызы – еңбегімен құрметке бөленген, шәкірт жүрегіне жол тапқан нағыз ұстаз.
Жамбыл облыстық ұйымының Шу аудандық филиалы