ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ДӘРІПТЕЛДІ
Наурызнама онкүндігі аясында 17 наурыз – отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған ерекше күн. Бұл күні шаңырақтың қадірі мен отбасының қоғамдағы маңызы кеңінен насихатталып, үлгілі жанұяларға құрмет көрсетіледі. Шаңырақ – отбасының тұрақтылығы мен ұрпақ жалғастығының символы ретінде әрдайым жоғары бағаланып келеді.
Осы атаулы күнге орай Ақтөбеде Қарғалы ауданы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жас отбасылар мен көп балалы жанұяларға ерекше ықылас танытты. Атап айтқанда, Еркін мен Мадина Алмагамбетовтер, Айдар мен Гүлдана Жамаловтар – жас отбасылар бола тұра, көп балалы ата-ана атанып отырған үлгілі ұстаздар. Екі отбасы да білім беру саласында еңбек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосып келеді. Кәсіподақ ұйымы оларды қолдап, сый-сияпат табыстады.
Сонымен қатар, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар, саналы ғұмырын білім саласына арнаған Юрий және Наталья Гапоновтар отбасы да марапат төрінен көрінді. Екеуі де ұстаз ретінде талай шәкіртке сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп, бірнеше буынның қалыптасуына зор үлес қосып келеді. Олардың адал еңбегі мен отбасы құндылықтарын дәріптеудегі өнегелі жолы жоғары бағаланды. Аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан оларға ерекше құрмет көрсетіліп, шипажайға жолдама табысталды.
-
Фото
-