ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Бүгін Қанабек Байсейітов атындағы Саз колледжінде ерекше мерейлі күн аталып өтті. Ұзақ жылдар бойы білім мен өнердің дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты ұстаз, фортепиано бөлімінің білікті маманы Темірова Меруерт Файзуллақызы 70 жасқа толып, мерейтойын әріптестері мен шәкірттерінің ортасында салтанатты түрде қарсы алды.
Меруерт Файзуллақызы – саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған, музыка өнерінің қыр-сырын үйретуде талмай еңбек еткен ұстаз. Оның шәкірттері бүгінде түрлі сахналарда өнер көрсетіп, ұстаз үмітін ақтап жүр. Сондықтан да бұл мерейтой тек бір адамның ғана емес, тұтас ұжымның, өнер жолындағы буындардың ортақ қуанышына айналды.
Мерекелік шара барысында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін білдірді. Ол Меруерт Файзуллақызының еңбек жолындағы табандылығы мен кәсібіне деген адалдығын ерекше атап өтіп, «Еңбек адамы» төсбелгісін, арнайы құттықтау хатын және гүл шоғын табыстады.
Сондай-ақ колледж директоры Мергүл Тұрысбек те сөз алып, мерейтой иесінің оқу орнының дамуына қосқан зор үлесін атап өтті. Ол Меруерт апайдың тек ұстаз ғана емес, ұжымға сыйлы, парасатты тұлға екенін ерекше ықыласпен жеткізді.
Кеш барысында мерейтой иесінің балалық шағынан бастау алған өмір жолын бейнелейтін әсерлі слайдтар көрсетіліп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Әрбір сурет өткен күндердің жарқын сәттерін еске салып, залда отырған жандарды тебірентпей қоймады.
Мерекелік шара білімгерлер дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Жас өнерпаздардың орындауындағы әсем әуендер мен жүрекке жылы тиетін шығармалар ұстазға деген құрметтің айқын көрінісі болды.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-