СЕМИНАР ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛДЫ
27 наурыз күні Атырау облысының Махамбет ауданында Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің базасында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жұмыстарын ұйымдастыру, ұжымдық шарттарды жасақтау» тақырыбында семинар өтті. Аталған шараға білім беру ұйымдарының басшылары, шаруашылық меңгерушілер және іс-қағаз жүргізушілер қатысты.
Семинарды қоғамдық бірлестік төрағасы Аққали Ахмет ашып, келген қонақтармен таныстырды. Облыстық ұйымның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша маманы Халидолла Тайпанов еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы бақылау тетіктері, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік мәселелері жөнінде мазмұнды баяндама жасады. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берілді.
Сонымен қатар семинар жұмысына Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы Самал Үбіғалиева да қатысып, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын рәсімдеу тәртібі туралы кеңінен түсіндірді. Ол ауыр және зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыстардың тізбесі, жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысы мен еңбекақының жоғарлатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістер, кәсіптер мен лауазымдар жөніндегі нормативтік-құқықтық құжаттарға да тоқталып өтті.
Семинар барысында ұжымдық шарттың ұйымдағы әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттейтін, жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдері арасында жасалатын маңызды құқықтық құжат екені атап өтілді. Сондай-ақ ұжымдық шартты әзірлеу мен жасасу тәртібі кезең-кезеңімен түсіндірілді.
Семинарға қатысушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің заңгері Юлия Айбусынова жан - жақты жауап берді.
Кездесу соңында ұйым басшылары өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауаптар алып, пікір алмасты.
Атырау облыстық ұйымы
-
Фото
-