САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ
Көктемгі демалыс – білім саласы қызметкерлері үшін тек тынығу ғана емес, жыл бойғы тынымсыз еңбектің өтеуі болатын ерекше кезең. Осы орайда Ақтөбенің Темір аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымы жыл сайынғы игі дәстүрден жаңылмай, аудан мұғалімдеріне қамқорлық көрсетуді жалғастырды. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұстаздарға сауықтыру орталықтарына жолдама беру – олардың еңбегін бағалап, құрмет көрсетудің жарқын үлгісі.
Бұл шараның басты мақсаты – білім саласы қызметкерлерінің денсаулығын нығайту, сапалы демалыс ұйымдастыру және еліміздегі шипажай орындарының мүмкіндіктерімен таныстыру болды. Жыл он екі ай бойы шәкірт тәрбиесінде аянбай еңбек ететін ұстаздар үшін мұндай қолдау ерекше маңызды. Себебі мұғалімнің денсаулығы мен көңіл күйі – білім сапасының негізгі кепілі.
Аудандық кәсіподақ ұйымының мүшелері көктемгі демалысты тиімді өткізу мақсатында еліміздің танымал демалыс орындарына жол тартты. Бір топ ұстаз Сарыағаш өңіріндегі емдеу-сауықтыру орталығында болып, денсаулықтарын түзеп қайтты. Бұл аймақ өзінің шипалы минералды суларымен танымал. Шипажайдағы емдеу шаралары асқазан-ішек жолдары ауруларының алдын алуға және емдеуге оң әсерін тигізеді. Минералды судың қасиеті арқылы демалушылар ағзасын тазартып, сергектік пен күш-қуат жинайды.
Ал енді бір топ ұстаздар Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхат жасап, табиғат аясында демалып қайтты. Бурабайдың көрікті табиғаты мен ерекше атмосферасы бұл сапарды ұстаздар үшін ұмытылмас әсерге толы етті.
Қоғамның тірегі саналатын мұғалімдердің еңбегін бағалау, олардың денсаулығына көңіл бөлу – келешек ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған инвестиция. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз…
-
Фото
-