СҰЛУЛЫҚ ПЕН БІЛІМ ТОҒЫСҚАН БАЙҚАУ
Шығармашылық академиясында қосымша білім беру педагогтары арасында облыстық “Miss Education – 2026” арулар байқауы өтті. Аталған шара Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен жүзеге асып, ұстаздардың шығармашылығы мен жан-жақтылығын насихаттауға бағытталды. Шара барысында қатысушылар өздерінің таланты мен шеберлігін түрлі кезеңдер арқылы дәлелдеді.
Іс-шарада Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілі Лаура Балманова сөз сөйлеп, ұстаздардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде бүгінгі таңда педагогтардың кәсіби дамуына, әлеуметтік қорғалуына және мәртебесінің артуына кәсіподақ ұйымының қосып отырған үлесі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, қатысушыларға сәттілік тілеп, ұйымның әрдайым ұстаздарға қолдау көрсетіп, сенімді тірек болып қала беретінін жеткізді.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар алдымен өзін-өзі таныстыру арқылы көрерменге өздерін таныстырса, келесі кезеңде өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, дефиле кезеңінде сахна мәдениеті мен көркемдік талғамдары бағаланды. Ал сұрақ-жауап бөлімінде олардың ой-өрісі, тапқырлығы мен кәсіби көзқарасы сынға түсті.
Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша бас жүлде иегеріне Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының атынан Ташкент–Самарқанд өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа жолдама табысталды. Ал жүлделі орындарға ие болған қатысушылар Бурабай–Зеренді өңіріне тарихи-танымдық саяхатпен марапатталды.
“Miss Education – 2026” байқауы – ұстаздардың тек білім беру саласындағы емес, сонымен қатар рухани және мәдени әлеуетін көрсететін маңызды алаңға айналды.
-
Фото
-