ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Баланың кіршіксіз көңіліне алғашқы ізгілік дәнін сеуіп, олардың жарқын болашағына жол ашатын жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Осындай жүрегі мейірімге толы, өз ісіне адал ұстаздардың бірі – Шаңғұтова Қырмызы Жадырасынқызы.
Қырмызы Шаңғұтова — 1975 жылдың 24 қаңтарында Ақтөбе облысы Шалқар ауданына қарасты Шетырғыз ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімін Карл Маркс атындағы орта мектепте алып, кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Ұстаздық жолды таңдаған Қырмызы Шаңғұтова өз еңбек жолын 2009 жылы Шалқар қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында бастап, бүгінгі күнге дейін мектепалды сынып тәрбиешісі ретінде табысты қызмет атқарып келеді.
Ол – жоғары білікті, тәжірибелі педагог-сарапшы. Өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен кәсіби шеберлігі арқылы әр баланың жеке қабілетін ашуға ерекше көңіл бөледі. Нәтижесінде шәкірттері түрлі республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болуда.
Шаңғұтова Қырмызы Жадырасынқызы – Шалқар ауданы білім бөлімі жанындағы балаларды ерте дамыту мәселелері бойынша құрылған мобильді топтың белсенді мүшесі.
Оның тынымсыз еңбегі мен ізденісі жоғары бағаланып, түрлі байқауларда жүлделі орындармен марапатталуда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» ұйымдастырған «Барлығына рахмет!» республикалық челленджінде балаларды жоғары кәсіби деңгейде дайындағаны үшін Алғыс хатқа ие болды. Сонымен қатар, 2025 жылы «Білікті ұстаз» республикалық олимпиадасында І орын, 2026 жылы II Республикалық «Шебер педагог» олимпиадасында І орын алды. Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Үздік іс-әрекет – тәжірибе алаңы» байқауында І орын, «Мен заманауи тәрбиешімін» эссе байқауында ІІ орын иеленді. Сондай-ақ мектепке дейінгі педагогтар арасындағы облыстық олимпиадада да І орынға қол жеткізді.
Осындай табысты ұстаз – өз ісінің нағыз шебері. Қырмызы Жадырасынқызының еңбегі келешек ұрпақтың жарқын болашағына қосылған үлкен үлес.