ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНЫП, ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинмен мазмұнды кездесу өтті. Кездесуге салалық кәсіподақтардың өңірлік басшылары, білім беру ұйымдарының өкілдері және кәсіподақ белсенділері қатысты. Жиында еңбек адамының құқығын қорғау, кәсіподақ қызметін жетілдіру және заманауи сын-қатерлерге бейімделу мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестікті нығайтудағы рөліне ерекше назар аударды. Ол еңбек қатынастарын реттеу, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің әл-ауқатын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамаларды атап өтті.
Кәсіподақтар Федерациясының Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова ақпараттық жұмыстың маңыздылығына тоқталып, қоғаммен тиімді байланыс орнату, кәсіподақ қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және цифрлық платформаларды дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Ол қазіргі таңда ақпараттық кеңістікте белсенді болу кәсіподақтардың беделін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Ал «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев жастармен жұмыс мәселесіне ерекше тоқталып, жас мамандарды кәсіподақ қозғалысына тарту және көшбасшылық қабілеттерін дамыту бағытындағы бастамалармен бөлісті. Оның айтуынша, жастар – кәсіподақтардың болашағы, сондықтан олармен жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізу маңызды.
Өз кезегінде Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысының негізгі басымдықтарын айқындап, еңбек адамының құқықтарын қорғау, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, ол ақпараттық жұмысты күшейту, жастар саясатын дамыту, әлеуметтік әріптестікті нығайту, цифрландыру үдерістерін енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында сала үздіктері марапатталды. Атап айтқанда, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Алмагүл Есбосынова «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының әдіскері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Аяш Іскендірова Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасына ие болды. Ал «Ақбота» арнайы балабақшасының тәрбиешісі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Майра Хайретдинова Федерацияның Алғыс хатымен марапатталды.
-
Фото
-