ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Жас ұстаз – жаңашылдықтың жаршысы, шәкірт жүрегіне жол таба білетін, білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, болашаққа бағыт беретін тұлға. Осындай ұстаздардың бірі – шалқарлық Айбол Аманкелдіұлы Баймұқанов.
Баймұқанов Айбол Аманкелдіұлы 1992 жылы 18 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. Өнерге деген қызығушылығы ерте жастан байқалып, 2004 жылы Шалқар аудандық көркемсурет лицейіне оқуға түсіп, 2009 жылы «Суретші-безендіруші, дизайнер» мамандығын меңгеріп шығады. 2010 жылы №4 орта мектепті тәмамдаған соң, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білім алып, «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін иеленеді.
Еңбек жолын 2015 жылы өзі білім алған көркемсурет лицейінде бастайды. Қазіргі таңда кескіндеме және сурет пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарып, педагог-модератор санатына ие болған. 11 жылдық тәжірибесі бар ұстаз оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға ерекше мән береді.
Айбол Баймұхановтың шәкірттері түрлі деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің нақты жемісі.
Шығармашылық ізденісті серік еткен жас педагог кәсіби тұрғыда үнемі дамып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Әріптестері арасында беделді, шәкірттері үшін үлгі бола білген ұстаз білім мен өнерді ұштастыра отырып, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келеді.