ЕҢБЕК АДАМЫ
Қоғам дамуының өзегінде тұратын тұлға – еңбек адамы десек, солардың алдыңғы қатарында шәкірт тәрбиесіне ғұмырын арнаған ұстаздар тұр. Осындай жандардың бірі – Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Кемер ауылындағы Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бисалиева Тілектес Айтжанқызы.
Бисалиева Тілектес Айтжанқызы — 1983-1984 оқу жылынан бастап аталған білім ордасында үздіксіз қызмет етіп келеді. Қырық жылдан астам уақытын жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған тәжірибелі педагог өз ісінің нағыз шебері ретінде танылған.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкірт жетістігі. Оның жетекшілігімен білім алған оқушылар түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, мектеп абыройын асқақтатып жүр.
Ұзақ жылғы табанды еңбегі мен кәсіби шеберлігі педагогтың өзіне де бірқатар марапаттар әкелді. Ол аудандық деңгейдегі алғыс хаттармен марапатталып, “Үздік мұғалім” атағын иеленді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасына ие болып, іс-тәжірибесін таратудағы белсенділігі үшін де жоғары бағаланды. Кейінгі жылдары да оның еңбегі елеусіз қалған жоқ: Оқу-ағарту министрлігі мен “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының алғыс хаттары, сондай-ақ облыс әкімінің марапаты соның дәлелі.
Тілектес Бисалиева – тек білім беруші ғана емес, шәкірт жүрегіне жол таба білетін тәлімгер. Ол әр оқушының тұлғалық қалыптасуына ерекше мән беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді басты назарда ұстайды. Осындай жемісті еңбектің арқасында ол әріптестері мен ата-аналардың зор құрметіне бөленіп келеді.
Еңбек адамының шынайы бейнесі – маңдай термен келген табыс пен ел игілігіне қосқан үлес. Осы тұрғыдан алғанда, Бисалиева Тілектес Айтжанқызының ұстаздық жолы кейінгі буынға үлгі боларлық тағылымды ғұмыр.