ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – адам өміріндегі ең қадірлі де қастерлі мамандық иесі. Әр адамның жүрегінде із қалдырып, білім мен тәрбиені қатар сіңіре білген ұстаздардың орны ерекше. Осындай шәкірт жүрегінен жол тапқан, өз ісіне адал жандардың бірі, хромтаулық білікті ұстаз - Мусина Гүлжанат Әбдісадыққызы.
Гүлжанат Мусина — 1977 жылы 26 наурызда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Талдық совхозында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол 1994 жылы Ақтөбе қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатты сәтті аяқтады. Сол жылы жоғары білім алуға түсіп, 1994–1998 жылдары Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің жаратылыстану факультетінде оқып, химия және экология мамандығын бітірді. Жастайынан қалыптасқан табандылығы мен ізденімпаздығы оның болашақта білікті ұстаз болып қалыптасуына берік негіз қалады.
Еңбек жолын 1998 жылы бастап, 2007 жылға дейін Дөң орта мектебінде қызмет атқарды. Ал қазіргі таңда Хромтау қаласындағы №3 Хромтау орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді.
Гүлжанат Мусина «педагог-зерттеуші» санатты, тәжірибелі әрі жаңашыл ұстаз. Оның іс-тәжірибесі аудандық, облыстық, республикалық деңгейде таратылып, әріптестері тарапынан жоғары бағаланған. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен шәкірт тәрбиелеудегі жетістіктері үшін түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Хромтау ауданының 90 жылдығына арналған төсбелгі, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты – ұстаз еңбегінің айқын дәлелі.
Ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдаған Гүлжанат Мусина өз ісіне деген жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігі арқылы тек білім беріп қана қоймай, шәкірттерінің жан-жақты дамуына, өмірде өз орнын табуына зор үлес қосып келеді. Оның әрбір сабағы ізденіс пен жаңашылдықтың, білім мен тәрбиенің үйлесімді көрінісі.
-
Фото
-