БІЛІМНІҢ БАСТАУЫНА АЙНАЛҒАН АУЫЛ МЕКТЕБІ
Ақтөбенің Алға ауданындағы Бестамақ орта мектебі – тарихы тереңге кеткен білім ордасы. 50 жылдық мерейтойын атап өткен мектеп өзінің сапалы білім беру дәстүрімен, тәжірибелі педагог ұжымы мен оқушылардың тұрақты жетістіктерімен ерекшеленеді.
Соңғы жылдары мектептің жетістіктері айрықша көзге түсіп отыр. 2022 жылдан бастап Бестамақ орта мектебі «Ауылдық аймақтағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасының қатысушысы ретінде білім сапасын арттыруға елеулі үлес қосуда. Осы еңбегі үшін 2022-2023 оқу жылдары Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мектеп оқушылары республикалық және аудандық олимпиадаларда тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетуде. Мысалы, 2023 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде І орын, 2024 жылы ІІ орын және 100 000 теңге көлеміндегі сертификат иегері атанса, 2025 жылы ІІІ орынды иеленіп, үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, 2024 жыл өткен «Аналитика» олимпиадасында оқушылар ІІІ орынға ие болды.
2024 жылдан бастап мектеп «Жетекші мектеп» куәлігін иеленді. Бұл мектептің білім беру саласындағы инновацияларды енгізу, педагогикалық тәжірибені тарату және кәсіби қоғамдастықтарды дамытудағы еңбегін танытады.
Бестамақ орта мектебінің табыстарының тағы бір сыры – ұжымдағы ынтымақтастық пен кәсіподақ мүшелерінің ауызбіршілігі. Педагогтар мен қызметкерлердің бірлігінің арқасында мектеп оқушыларға сапалы білім беру мен кәсіби даму үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етеді.
2025 жылы Бестамақ орта мектебі «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алып, 11 000 000 теңге көлемінде сыйақы сертификатымен марапатталды. Бұл – мектеп ұжымының үздіксіз еңбегі мен табандылығының көрінісі.
Бестамақ орта мектебі – тек білім ордасы ғана емес, сонымен қатар ауылдық аймақтағы білім беру сапасын арттыруға үлес қосып, оқушылар мен педагогтар үшін табыс пен даму алаңы болып қала бермек...
-
Фото
-