КӘСІПКЕ АДАЛДЫҚ – ҚОҒАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ БИІК ҮЛГІСІ
Қолынан келетін, істеуге тиісті ісін істей алатын адамды бақытты, әрі тамаша адам деуге болады /Леонардо да Винчи/.
Кәсіп-сен қалаған мамандық. Сенің елге деген махаббатыңның жүзеге асқан көрінісі. Егер сен мамандығыңды дұрыс таңдасаң, өміріңе нәр беретін құдіретті күш. Сенің мамандығыңның қыр-сырын, қиындығын тек сол салада істейтіндер ғана жақсы біледі, түсінеді. Сондықтан болар әр ұжымның, кәсіпорындардың ішінде ондағы жұмысшылардың құқығын, мүддесін қорғайтын кәсіптік одақтар құрылған. Бұл ұйым ешкімге тәуелді емес. Өзінің заңдылықтары, ережелері бар осындай ұйымның бірі - білім және ғылым саласының кәсіподағы . Бұл ұйым мұғалім атты мамандық иелерінің құқығы мен мүддесін қорғайтын, мектеп ұжымының оқу-тәрбие процесін жетілдіруге және кәсіби өсуіне атсалысатын ұйым.
Ұстаздар мен қамту қызметкерлері қауымының иығындағы түйткілді мәселелерді 200-ге жуық кәсіподақ мүшесі бар М.Дауленов атындағы мектеп-интернатының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде комитет мүшелерімен, мұғалімдерімен бірлесе шешіп келемін.
Сан мыңдаған шәкіртін білім нәрімен сусындатқан мен еңбек ететін аудандағы ең еңселі ғимараттың бірі - М.Дауленов атындағы мектеп-интернаты.
Қоңырау үні. Тіршілік үні. Алаңсыз бала шақтан болашаққа шақырған қоңырау үні. Менің өмірімнің ең бір аяулы, қайталанбас сәттің әсем музыкасы.
Сабақтың өз деңгейінде жақсы өтуі мұғалімнің дайындығына, көңіл-күйіне, сыныптың тазалығына, жабдықталуына тікелей байланысты. Ұстаз еңбегінің жемісті, нәтижелі болуына, өз пәні бойынша заңдылыққа сай жүктеме алуына, сабақ кестесінің дұрыс жасалуына, сырқаттанып қалса денсаулығын түзеуіне, алаңсыз жұмыс істеу үшін әлеуметтік, отбасылық жағдайының дұрыс болуына, жоғалтқан еңбек күшін қалпына келтіру үшін еңбек демалысын уақытында алуына, еңбек демалысы уақытында дұрыс демалуын дұрыс ұйымдастыруға және сауықтыруға, шипажайларға, демалыс орындарға баруды атсалысатын бастауыш кәсіподақ ұйымы.
Ұзақ жылдар еңбек еткен осы ұжымда 15 жылға жуық кәсіподақ төрайымы болдым. Ұжымдық шартта көрсетілген кепілдіктер мен жеңілдіктердің орындалуына аз да болсын өз үлесімді қосып жүргеніме, еңбек дауларын шешуге атсалысып, ұстаздардың қуанышын бөліскеніме, олармен бірге мәдени және спорттық іс-шаралар өткізіп, әсіресе барлық кәсіподақ мүшелері асыға күтетін волейболдан жылына бір өтетін турнирдің басы-қасында және бірнеше жыл облыстық, республикалық жарыстардың әрі ойыншысы, әрі ұйымдастырушысы болып жүргеніме қуаныштымын.
Менің жұмысты шынайы құлшыныспен тиянақты орындауға тырысатынымды аңғарған аудандық, облыстық кәсіподақ ұйымы жыл көлемінде «Мектеп және қоғам» газетінде мақалаларымды, сабақтағы жұмыс істеудегі әдіс-тәсілдерімді, өзіндік ерекшеліктерімді, өткізген іс-шараларымды жазып, көпшілікке таныстырып отырды. Білім кәсіподақтарының облыстық конференцияларына, семинарларына жіберіп, білімімді жетілдіріп тұруға ықпал етті. Бірнеше мәрте әрбір өткізген іс-шаралардың нәтижесіне қарай мадақтау қағаздары, алғыс хаттар, құрмет грамоталары, бағалы сыйлықтармен, Салалық кәсіподақтың «Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» және «Шығыс Қазақстан кәсіподақтарына - 100 жыл» мерекелік төсбелгілерімен марапаттады.
«Ақысыз, уақытты көп алатын» деп кейбір әріптес төрағалар айтатын қоғамдық жұмыс болса да адамдардың қайғы-қуанышын бөлісіп, олардың бақытты жүзін көру, айналамдағы адамдардың өзімді іздейтінін сезіну арқылы ерекше бір сезімге бөленіп, кеудемді қуаныш билейді.
Осылай жүрек қалауымен жасаған қоғамдық жұмыс тізгінін жаңа буынға табыстап, сәттілік тілеймін.
Мені әркез қолдағандары үшін, маған сенім артқандары үшін ұжымның әрбір мүшесіне алғысым шексіз. Ұжымға бірлік, береке тілеймін.
С.Серікбаева,
М.Дауленов атындағы мектеп-интернатының дене шынықтыру пәнінің зерттеуші-мұғалімі.
ШҚО