ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы ақын Абай Құнанбаев жырлағандай, білім беру саласында аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Сондай тұлғалардың бірі - білім саласының ардагері, ардагер-ұстаз Молдажанов Бақтыбек Шұлғаубайұлы.
Өзіндік қолтаңбасы бар ардагер-ұстаз Бақтыбек Шұлғаубайұлының есімі қордайлықтарға жақсы таныс. Ол 42 жылдан астам өмірін жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне арнаған ұлағатты ұстаз. Оның еңбек жолы тағылымға толы өнегелі шежіре десе де артық емес.
Бақтыбек Шұлғаубайұлы 1961 жылы Қордай ауданы Қызылсай ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген. 1977 жылы №9 орта мектепті тәмамдап, Жамбыл педагогикалық институтында білім алды. 1981 жылы «физика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша оқуын аяқтап, сол жылы еңбек жолын ауданның Шарбақты ауылындағы мектепте физика және математика пәндерінің мұғалімі ретінде бастады. Кейін 1982-1988 жылдары Сортөбе ауылындағы М.Лермонтов атындағы орта мектепте қызметін жалғастырды.
1988 жылы №9 орта мектепке қайта оралып, осы білім ордасында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етті. 1989-1993 жылдары директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1993-1994 жылдары мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
1994-1998 жылдары Ауқатты ауылдық округінің әкімі қызметін де нәтижелі атқарып, ел басқару ісінде де өзін көрсете білді. Дегенмен, ағартушылық жолды таңдаған ол қайтадан білім саласына оралып, 1998-2006 жылдары директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ал 2006-2011 және 2013-2018 жылдары мектеп директоры ретінде ұжымға басшылық жасап, білім ордасының дамуына зор үлес қосты.
«Ағаш бір жерден көгереді» демекші, туған ауылына адал қызмет ете жүріп, көптеген шәкірттердің өмір жолын айқындауға ықпал етті. Жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, олардың үлкен өмірге қадам басуына негіз қалады, өзі де өнегелі үлгі бола білді. Ұстаз ретінде тек білім берумен шектелмей, шәкірттерінің бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, елжандылыққа тәрбиелеуге ерекше мән берді. Оның тәрбиесін көрген көптеген шәкірттер бүгінде әр салада табысты еңбек етіп, ұстаз еңбегінің жемісін көрсетіп келеді.
Әріптестері арасында да сыйлы, тәжірибесі мол, білікті басшы ретінде танылған Бақтыбек Шұлғаубайұлы ұжымда әрдайым бірлік пен өзара түсіністікті нығайта білді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен талапшылдығы білім ордасының дамуына оң әсерін тигізді. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер-ұстаздың еңбегі қашанда құрметке лайық. Оның өмір жолы кейінгі буынға өнеге, жастарға бағыт-бағдар беретін тағылымды мектеп.
Қорыта келе, Молдажанов Бақтыбек Шұлғаубайұлы адал еңбегімен абырой биігіне көтерілген, ел құрметіне бөленген, нағыз үлгі тұтар тұлға.
Жамбыл облысы, Қордай аудандық ұйымы.