ЖАҢА МЕКТЕП ҰЖЫМЫ КӘСІПОДАҚ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛДЫ
Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы өз қатарын тағы да жаңа ұжыммен толықтырды. Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева Қандыағаш қаласында жаңадан ашылған №6 жалпы білім беретін орта мектептің ұжымымен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында кәсіподақтың негізгі мақсат-міндеттері, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлі кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, ұйымға мүше болудың артықшылықтары мен кәсіподақтың қолдау тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Жиын нәтижесінде жаңадан ашылған мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оның төрағасы сайланды. Бұл – ұжымның бірлігі мен ынтымағын нығайтуға, еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды жетістіктердің бірі.
Айта кету керек, жаңа мектеп ұжымы бірауыздан кәсіподақ қатарына қосылып, ұйым жұмысына белсенді атсалысуға дайын екендіктерін білдірді. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз сұрақтарына жауаптар алды.