ШЕБЕР ҰСТАЗ
Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздың бірі - Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Баянды ауылындағы №3 жалпы білім беретін мектептің тарих пәнінің мұғалімі Қамысбай Құралай Нұртайқызы.
Бала бойына рухани нәрді сіңіруде Қамысбай Құралай Нұртайқызының әрбір сабағы оқушының кез келген шешімді өзі таба білетіндей, ХХІ ғасыр балалары аңсайтын білім беру шеберлігімен құнды. Оның кәсіби шеберлігі - қазіргі заман талабына лайықты мұғалімнің үлгісі.
Қамысбай Құралай Нұртайқызы тарих пәні бойынша оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулып, олимпиада жеңімпаздарын үздіксіз дайындауда. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, ұстаздың өткеніне қарап қуанары бар. Бірнеше шәкірттері ұстаз жолымен тарих пәні мұғалімі мамандығын таңдады.
Құралай Нұртайқызы өз ісінің маманы, өте білімді және де бастаған ісін соңына дейін асқан мұқияттылықпен атқаратын жауапкершілігі мол жан. Алдына келген бала қандай деңгеймен келсе де, тәртібі немесе білім жағынан артта қалып келе жатса да, ешкімді бөліп-жармай, барлығын бірдей өрге сүйрейтін, тіпті оқуға қызығушылығы төмен балалар да жыл соңында тарих пәнін өте жақсы білетін оқушыға айналатын. Бұның себебі, біріншіден, ұстаз өз пәнін сүйеді соған қарай өз пәнін жетік біледі. Екіншіден, оқушыға білім беруді жұмысы деп емес, ұстаздық борышы деп қарайды. Үшіншіден, өзінің және де жаңадан пайда болып жатқан әртүрлі тәдіс-тәсілдерді бір бірімен ұштастырып, оқушының қабылдап-меңгеруіне жеңіл әрі қызықты етіп жеткізе біледі.
Құралай Нұртайқызы тек қана тарих пәнін ғана түсіндіріп қоймай, оқушыларды үлкен өмір сабағына да дайындай білді. Әр оқушының бір ғана көзқарасынан барлығын түсініп, әрбір мәселенің шешімін қалай дұрыс табуға болатынын, өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларды қалай қабылдау керектігін мықтап тұрып жадына құйып отырды.
Мейлі ол сабақ болсын, мейлі ол оқушылар арасындағы қарым-қатынас мәселесі болсын, апай әрбір оқушының сол жағдайға деген жеке көзқарасынан қандай мәселе туындап тұрғанын түсініп, пікірлерін тыңдап, «Қандай жағдай болса да, шыншыл болу керек», - деген ұстанымды оқушы бойына сіңіре білді.
«Баланы жақсы тәрбиелеймін десең, өзіңді тәрбиеле», - дегендей, Құралай Нұртайқызына қарап, ұстаздықтың нағыз келбетін көруге болады.
Е.Әлімбаев,
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Баянды ауылы, №3 жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.