КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫ ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫНДА
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы ұйымдастырған «Кәсіподақтың негізгі бағыттары: бастауыш ұйым төрағасының рөлі мен жауапкершілігі» атты семинар өтті. Шараға облыстық ұйымға қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысып, өзекті мәселелерді талқылады.
Семинар барысында кәсіподақтағы іс қағаздарын жүргізу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Бұл бағытта облыстық ұйымның бас маманы Алуа Қабдулова баяндама жасап, құжаттаманы дұрыс рәсімдеудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы-2025» байқауының жеңімпазы Татьяна Субботина өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіподақ жұмысын тиімді ұйымдастырудың жолдарын ұсынды.
Қаржылық мәселелер бойынша облыстық ұйымның бас есепшісі Айгүл Арымбаева кәсіподақ жарналарын ұстау және оған қатысты құжаттарды рәсімдеу тәсілдерін түсіндіріп, нақты ұсыныстарын берді.
Кәсіподақ қызметіндегі ақпараттық саясат та назардан тыс қалмады. Облыстық ұйымның бас маманы Маржан Қайратқызы «Кәсіподақ қызметіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі» тақырыбында баяндама жасап, ақпараттық ашықтық пен қоғаммен байланыс орнатудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, биыл да «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауы өткізілетінін жеткізді.
Семинар соңында облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан құқықтық жұмыстардың негізгі бағыттарын таныстырып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Жалпы, семинар барысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру, төрағалардың жауапкершілігін арттыру және тәжірибе алмасу мәселелері кеңінен қамтылып, қатысушылар үшін маңызды ақпараттар ұсынылды.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-