ҰСТАЗДАР АРАСЫНДАҒЫ СПАРТАКИАДА
Ақтөбенің Мұғалжар ауданында білім қызметкерлері арасында дәстүрлі ХХV Мұғалімдер спартакиадасы ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Аталған спорттық шара аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен өтті.
Спартакиадаға аудан мұғалімдері белсенді қатысып, спорттың бес түрі бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, волейбол (ерлер және әйелдер), тоғызқұмалақ, үстел теннисі, сондай-ақ ұлттық ойындар — бес табан мен бес асық бойынша жарыстар ұйымдастырылды.
Волейболдан ерлер арасында І орынды Қандыағаш қаласындағы №3 мектеп-гимназия командасы иеленсе, ІІ орын Қандыағаш қалалық №4 гимназияға бұйырды. Ал ІІІ орынды Сағашилі жалпы білім беретін орта мектебі қанжығасына байлады.
Әйелдер арасындағы волейбол жарысында Қандыағаш қаласы №1 жалпы білім беретін орта мектебінің командасы топ жарып, І орынды жеңіп алды. ІІ орынды Ембі қалалық №1 жалпы білім беретін орта мектебі иеленсе, ІІІ орын Қандыағаш қаласы №4 гимназия командасына бұйырды.
Үстел теннисі бойынша өткен тартысты додада І орынды Ембі қалалық №2 жалпы білім беретін орта мектебі жеңіп алды. Қандыағаш қаласы №5 жалпы білім беретін орта мектебі ІІ орынға ие болса, ІІІ орынды Қандыағаш қалалық №4 гимназия еншіледі.
Тоғызқұмалақ жарысында Қандыағаш қаласы №3 мектеп-гимназиясының командасы үздік нәтиже көрсетіп, І орынды иеленді. ІІ орын Ембі қалалық №1 жалпы білім беретін орта мектебіне бұйырса, ІІІ орынды Қ.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп командасы алды.
Ұлттық ойындар — бес табан және бес асық бойынша өткен жарыста І орынды Қандыағаш қаласы №1 жалпы білім беретін орта мектебі жеңіп алды. Жаңажол жалпы білім беретін орта мектебі ІІ орынды иеленсе, ІІІ орын Сағашилі жалпы білім беретін орта мектебіне бұйырды.
Жалпы командалық есеп қорытындысы бойынша І орынды Қандыағаш қаласы №1 жалпы білім беретін орта мектебі иеленді. ІІ орын Қандыағаш қаласы №3 мектеп-гимназияға берілсе, ІІІ орынды Қандыағаш қаласы №4 гимназия командасы қанжығалады.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бірлескен дипломдары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Бұл спартакиада ұстаздар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестік байланысты нығайтуға үлкен үлес қосты.
-
Фото
-