ҚАРАТАЛДА КӘСІПОДАҚ ЖҰМЫСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Қаратал аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары: бастауыш ұйым төрағасының рөлі мен жауапкершілігі» атты семинар өтті. Шараға ауданға қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Маңызды жиынды Қаратал аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Берік Абақов ашып, семинарға арнайы шақырылған қонақтарды таныстырып, шараның өзекті тұстарын айтып өтті.
Семинар барысында кәсіподақ іс қағаздарын жүргізу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Облыстық ұйымның бас маманы Маржан Қайратқызы баяндама жасап, құжаттаманың дұрыс рәсімделуі мен оның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі ақпараттық ашықтық пен қоғаммен тиімді байланыс орнатудың маңызы атап өтілді. Бұдан бөлек, «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауын өткізу ерекшеліктері таныстырылды.
Семинар аясында «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы-2025» байқауының жеңімпазы Татьяна Субботина өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіподақ жұмысын тиімді ұйымдастырудың жолдарын ұсынды. Оның тәжірибесі қатысушылар үшін пайдалы әрі үлгі боларлық болды.
Қаржылық мәселелер бойынша облыстық ұйымның бас есепшісі Айгүл Арымбаева кәсіподақ жарналарын жинау мен тиісті құжаттарды рәсімдеу тәртібін түсіндіріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Семинар соңында облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Асет Қайырхан құқықтық жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталып, кәсіподақтың негізгі қызметі туралы түсіндіріп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Жалпы, семинар барысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру, төрағалардың жауапкершілігін арттыру және тәжірибе алмасу мәселелері кеңінен қамтылып, қатысушыларға маңызды ақпараттар ұсынылды.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-