БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА АРНАЛҒАН ҒҰМЫР
📚Ғалым-ұстаз, биология ғылымдарының кандидаты Адманова Гүлнұр Болатқызы – ғылым мен білім саласында өзіндік қолтаңбасы бар білікті маман, тәжірибелі педагог.
📃Гүлнұр Адманова — 1979 жылы 21 қыркүйекте Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бегімбет ауылында дүниеге келген. 1985–1996 жылдары Айшуақ орта мектебін үздік аяқтады. 1996–2001 жылдары Алматы технологиялық университетінде «Биотехнология» мамандығы бойынша жоғары білім алып, оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады.
📄Ғылым жолын жалғастырып, 2002–2005 жылдары Алматы қаласындағы Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алды. 2006 жылы Астана қаласындағы Ұлттық биотехнология орталығында биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады.
📑Еңбек жолын ғылыми-зерттеу саласында бастап, микробиология және биотехнология бағытында бірқатар маңызды жобаларға қатысты. 2005–2007 жылдары «Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі» ғылыми-өндірістік орталығында кіші ғылыми қызметкер, сондай-ақ Алматы технологиялық университетінде аға оқытушы қызметтерін атқарды.
📝2007–2009 жылдары М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде ғылыми-зерттеу орталығының микробиология зертханасын басқарып, микробиология, вирусология және иммунология кафедрасында оқытушылық қызмет атқарды. 2008 жылы Қазақ тағамтану академиясында республикалық ғылыми экспедиция құрамында жұмыс істеді. 2007 жылдан бастап Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында қызметін жалғастырып, кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде биология кафедрасының меңгерушісі болды. 2024 жылдан бері Жаратылыстану факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор қызметін атқарып келеді.
🧩Ғалымның ғылыми еңбектері биотехнология, микробиология және тағам қауіпсіздігі салаларын қамтиды. Ол халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, пробиотиктер алу, микроорганизмдер базасын қалыптастыру және сүт өнеркәсібіне арналған технологияларды әзірлеу бағытында зерттеулер жүргізді.
☑️Адманова Гүлнұр Болатқызы – белсенді зерттеуші, әрі тәжірибелі ұстаз. Оның 60-тан астам ғылыми мақаласы жарық көрген, оның ішінде халықаралық беделді базаларға енген еңбектері бар. Сонымен қатар 5 авторлық куәлік, 1 монография, бірнеше оқу құралдары мен электронды оқулықтардың авторы.
🖇️Ғылыми жетістіктері мен еңбегі жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. 2025 жылы республикалық «ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы атанды. 2024 жылы «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырды. Бүгінде ол білім беру саласындағы республикалық оқу-әдістемелік сараптау кеңесінің мүшесі ретінде де белсенді қызмет атқарады.
⚜️Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында осындай ғалым-ұстаздардың еңбегін дәріптеу – кейінгі буынға үлгі. Гүлнұр Болатқызының ғылымдағы ізденісі мен ұстаздық жолы – ел дамуына қосылған сүбелі үлес.
Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-