КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ
Жетісу облысы Панфилов ауданы Ават орма мектебінің базасында бастауыш кәсіподақ ұйымының кезекті жиналысы өткізілді. Жиналысқа кәсіподақ мүшелері толық қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты қарастырылды.
Кездесу барысында Панфилов аудандық филиалының төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков сөз алып, кәсіподақ ұйымының маңыздылығы мен оның қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде кәсіподақтың басты міндеті – еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және ұжымдағы бірлікті нығайту екенін атап өтті.
Жиналыс бекітілген күн тәртібіне сәйкес өтті. Жиын барысында алғашқы мәселе ретінде бастауыш кәсіподақ ұйымының негізгі мақсаттары мен міндеттері талқыланды. Баяндамашы Анаятхан Думекова кәсіподақтың басты бағыттары – қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және ұжымдағы тұрақтылықты сақтау екенін атап өтті. Сонымен қатар, кәсіподақтың алдағы кезеңге арналған жоспарлары мен міндеттері айқындалды.
Келесі кезекте Рустем Сұлтанбеков мектептегі техника қауіпсіздігі бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол білім беру мекемесінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, нұсқаулықтардың уақытылы жүргізілуі және қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Қатысушылар тарапынан бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының комитет төрайымы Рысхан Бершімбекова бастауыш кәсіподақ ұйымының бір жылда атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Есеп барысында ұйымның әлеуметтік қолдау көрсету, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру және ұжым мүшелерінің мүдделерін қорғау бағытындағы жетістіктері атап өтілді.
Жиын соңында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар нақтыланды. Қатысушылар ұсыныстарын білдіріп, кәсіподақ жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған ойларымен бөлісті.
Жетісу облысы Панфилов аудандық кәсіподақ филиалы
-
Фото
-