БІЛІКТІ МАМАН, ТӘЖІРИБЕЛІ ҰСТАЗ
Қазіргі заман педагогы – заман ағысына сай біліммен қаруланған, ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін меңгерген, әрдайым ізденіп, білімін сәт сайын жаңартып отыратын, білімді маман болуымен қатар, әр шәкіртін жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, оның даралығы мен дарындылығын танып, дамытуы шарт.
«Ұстаз – ұлы тұлға» десек, осы теңеуге лайық ұстаздардың бірі де бірегейі «Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі»-нің жоғары санатты оқытушысы Қорганбаева Майра Тәждәулетқызы.
Ұстаздар әулетінен шыққан ол, еңбек жолын өзінің кіндік қаны тамған Атырау облысы, Ембі ауданы, Қосшағыл поселкесіндегі орта мектептің физика кабинетінің лаборанты қызметінен бастайды. Атырау университетін «Бастауыш оқыту педагогикасы және методикасы», кейін КазИТУ-ді «Құқық және экономика негіздері» мамандықтары бойынша оқып бітіріп,біліктілігін арттыра, курстардан өте, мамандығын ұштай жүріп, Жаңаөзен қаласында тұрақтап, балабақшада «Ересектер» тобының тәрбиешісі, «Алты жасарлар» мектебінің тәрбиешісі, «Бастауыш сынып» мұғалімі, «экономика және құқық пәндерінің оқытушысы» қызметтерімен жалғастырып, алған білімін іс жүзінде қолданып, әртүрлі деңгейдегі қалалық, облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындарды иелене және «озық тәжірибе мектебінің» мүшесі бола жүріп, іс-тәжірибесі облыс көлемінде таратылған білікті маман.
Олар шәкіртінің болашақ жарқын өміріне жолдама болар мамандығының алғашқы баспалдағына қадамын нық аттаған сеніміне серік болар, білімге деген құштарлығын арттырар өз пәнін толық меңгерген, өз міндетін жете түсінген, жоғары мәдениетті, ғылым мен өнерден хабардар, бала психологиясына қанық, оқыту мен тәрбиенің әдістемесіне жетік әмбебап тұлға.
Іскерлігімен, білімділігімен көріне білген Майра Тәждәулетқызы 2004 – 2020 жж. аралығында орта мектепте, кейін колледжде басшының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды және қарамағындағы әр адамға жеке тұлға ретінде қарап, олардың әр пікірімен санасып, тіл табыса отырып, жұмыс жасаған прагматизмге жеткен әділ жаңа заман басшысы ретінде танылды. Сонымен қатар жас мамандарға үйретері мол, әрқашан ақыл-кеңесін айтып, жол бастап берер ұстаздардың ұстазы.
Жасы 60-ты алқымдаған апайымыз қазіргі кезде колледжіміздің ардагер ұстазы болуымен қатар, бір отбасының ұйытып отырған отанасы, бір отағасының жылдар жырасында жұбы жазылмаған жағымды жары, 3 ұл мен 1 қыз баланың аяулы анасы, 6 немеренің сүйікті әжесі болып отыр.
К.Туркбенбаева,
«Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Маңғыстау облысы.