ҚОШ КЕЛДІҢ, ЖАҢА ЖЫЛ!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты Жаңа жыл мерекесіне орай Маңғыстау облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылында «Жаңа жыл қош келдің!» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Шараға Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары А.Байпақов, Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Маңғыстау облысының білім басқармасы басшының орынбасары А.Тұржанова және қамқоршылық кеңес мүшелері мен демеушілер қатысты.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев балаларды мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, шаттық көңіл күй тіледі.
Ақтау қалалық балалар өнер мектебі балаларға арнап мерекелік концерт ұйымдастырып, көңілді ойындар өткізді.
Мерекелік шараға келген қонақтар тәрбиеленушілерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға бақытты балалық шақ, мықты денсаулық, еліміздің білімді азаматтары болып өсуіне тілек білдірді. Келген қонақтар мен демеушілер балаларды құттықтап, сый - сияпаттарын тарту етті. Салалық кәсіподақтың Маңғыстау облыстық ұйымының төрайымы Т.Байымбетова да балаларға тәтті сыйлықтарды тапсырды.
Жүздері бал-бұл жанған балалар облыс әкіміне, білім басқармасына және демеушілерге сонымен қатар мекеме ұжымына өздерінің ризашылық көңілдерін алғыс сөздерімен, әуелеген әндерімен, әсем билерімен жеткізе білді.
Салалық кәсіподақтың Маңғыстау облыстық ұйымы