ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы жылдық жұмыс жоспарына сәйкес Кеңес отырысын өткізді.
Алқалы жиынға облыстық ұйымға қарасты аудандық, қалалық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары шақырылды.
Шара барысында әлеуметтік әріптестік жөніндегі жасалынған екіжақты келісім шарттың орындалу барысы, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының аясында педагогтерді жеңілдіктермен және кепілдіктермен қамтамасыз ету, Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының кадрларын және кәсіподақ активін оқытудағы алғы шарттары туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз алып, кәсіподақ пен Алматы облысының білім басқармасы арасында жасалған әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
2021-2023 жылдарды қамтыған келісімнің аясында педагогтарға жасалған қолдауларды тізбектеп, білім жүйесін әрі қарай дамыту, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен кәсіптік мүдделерін қорғау жөнінде шаралар қабылданғанын жеткізді. Сонымен қатар, Жетісу облысы жаңадан құрылуына байланысты облыстық білім басқармасымен әлеуметтік әріптестік туралы келісім шарт пысықталып жатқанын айтып, қос облыста да кәсіподақ тұрақты жұмыс істейтінін баяндады.
Келесі сөзді облыстық ұйымның төраға орынбасары Болат Тұрысбеков алып, 2019 жылы қабылданған ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңында көріс тапқан жеңілдіктер мен кепілдіктерін көпшілікке таныстырды. Жетісу облысында ғылыми-педагогикалық бағытының магистрі дәрежесі бар педагогтарға қосымша ақы төлеу мәселесінде облыстық ұйым белсенділік танытқанын, білім саласының қызметкерлерін ынталандыру жұмыстары да жанданғанын айтып, алдағы уақытта облыс көлемінде шешілуі тиіс ауқымды мәселелерді атап өтті.
Кәсіподақтың маңызды бағыттарының бірі - кадрларын және кәсіподақ активін оқытудағы алғы шарттары назардан тыс қалмады. Облыстық ұйымның бас маманы Айым Ерікқызы осы мәселе бойынша баяндама жасады. Орталық аппараттың және облыстық ұйымның ұйымдастырған семинарларын атап, кәсіподақ белсенділерінің біліктілігін арттыруда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Нәтиже шығара білген филиалдарды атады. Тәжірбие алмасу мақсатында көшпелі семинарлар ұйымдастыруды ұсынды.
Шараға қатысқандар күн тәртібіндегі мәселе бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Әр мәселе бойынша қажетті қаулыларды қабылдады.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және
жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу»
жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі