ҰСТАЗДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫ ХАЛЫҚ
Қай кезде де болмасын ұстазды ұлықтаған ұлы халықпыз. Шыбық тіксе, шынар болатын, таяқ тіксе, тал болатын, қыран ұшса, қанаты талатын кең байтақ қазақ даласының небір дарынды дарабоздарын дана еткен де ұстаз.
Түркі әлеміне мәшһүр Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі» дегендей, ұстазға деген құрметті осы бір сөздің өзінен-ақ аңғаруға болады. Осындай ұлы істің, қызығы мен шыжығы мол мамандықтың иесі болу – үлкен бақыт. Осы үлкен бақытты шәкірттер бойына талай жыл сіңірген ұлағатты ұстаз Маңғыстау облысының, Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімінің оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Ұзғанбаев Қаржаубай Меңдіқұлұлы.
Ұзғанбаев Қаржаубай Меңдіқұлұлы 1965 жылы 14 қаңтарда Түрікменстан Республикасы, Балкан облысы, Түрікменбашы ауданы, Қулы – Маяк ауылында дүниеге келген. 1972 – 1982 жылдар аралығында Қулы – Маяк ауылында №6 қазақ орта мектебінде жалпы білім алған. 1982 жылы М. Горький атындағы Түрікмен мемлекеттік университетінің математика факультетіне оқуға түсіп, 1989 жылы бітіріп, сол жылы еңбек жолын Қулы – Маяк ауылындағы №6 қазақ орта мектепте физика – математика пәні мұғалімі болып жұмысты бастаған. 1983–1985 жылдар аралығында Монғол Республикасы жерінде аға лейтенант атағымен әскери борышын өтеп келген. Жоғары оқуды бітіргеннен кейін 1989 – 2000 жылдар аралығында Қулы – Маяк ауылындағы №6 қазақ орта мектеп директорының оқу–тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды.
2000 жылдың тамыз айында Қазақстанға қоныс аударып, 2000 – 2007 жылдар аралығында Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылындағы №1 орта мектепте математика пәні мұғалімі, мектеп директорының оқу – тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2007–2012 жылдар аралығында Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімінің оқу-әдістемелік орталығының директоры, 2012 – 2014 жылдар аралығында Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімі басшысының орынбасары, 2014 – 2015 жылдар аралығында Маңғыстау ауылындағы №11 орта мектеп директоры, 2017 – 2020 жылдар аралығында Мұнайлы аудандық оқушылар орталығы директорының м.а, «Өнер» мектебі директорының орынбасары; 2020 жылдан бастап осы күнге дейін Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімінің оқу-әдістемелік орталығының әдіскері қызметін атқарып келеді.
Жұмысының нәтижесі және білім беру саласындағы оқушыларды оқыту, тәрбиелеу ісінде және атқарған жұмыстар кезінде жеткен жетістіктері үшін Ұзғанбаев Қаржаубай Меңдіқұлұлы аудан бойынша білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының, ҚР Білім және ғылым министрінің, аудан, облыс әкімдерінің құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен және төс белгілерімен марапатталған.
Қазіргі таңда әріптесіміз Қаржаубай Меңдіқұлұлы қызмет барысында жаңадан келген жас мамандарға әдістемелік көмек беріп, үздіксіз бағыт-бағдар беріп келеді. Республикалық, облыстық, аудандық көлемде көптеген шараларды ұйымдастырып, спорттық жарыстардан аудан жетістіктерінің қоржынын жүлделі орындармен толтырып отырған дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің әдіскері, үйлестірушісі, ұстаз.
Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті дегендей, білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім.
Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз.
«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз.
Мұнайлы аудандық филиалы