МҰҒАЛІМДЕР МЕРКІДЕ ДЕМАЛАДЫ
Кәсіподақ жұмысында ұйым мүшелерінің жазғы емдеу-сауықтыруы мен балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру да үлкен рөлге ие. Жуырда осы мақсатта «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы «Меркі шипажайында» болды. Төраға осы іссапарында іргетасы осыдан 65 жыл бұрын қаланған демалыс үйінің 40 жылдан бері шипажай мәртебесіне иеленген акционерлік қоғамның Бас директоры Серік Мақажановпен және бас дәрігері Әлия Тасжүрековамен кездесті. Жылы жүзді жүздесу барысында шипажайдың бүгінгі жай күйімен және олардың тынығушылар үшін көрсететін қызмет түрлерімен жете танысты.
«Меркі шипажайы» Меркі ауылынан 12 шақырым жерде Қырғыз Алатауының Меркі шатқалында орналасқан. Әсем де көрікті таулы жері, саф ауасы, шипалы суы, жаймашуақ күннің сәулесі - тынығушылар үшін таптырмайтын ем түрлері дерсіз. Әсіресе, гидрогеолог Кеңесхан Орынқұлов ашқан радон суының адам ағзасына тигізетін пайдасы зор. Құрамы минералды элементке толы қасиетті судың сүйек-буын аурулары, жүрек қан-тамыр, жүйке, аллергиялық, бедеулік, асқазан-ішек жолдары, урологиялық, эндокриндік және т.б. ауру түрлерін қажет ететін оқу-ағарту саласы қызметкерлерінің денсаулығын түзеуіне септігін тигізері анық. Бас дәрігер Әлия Тасжүрекованың айтуынша, шипалы су емханасында радон ваннасы, ем астауларына түсу, физиотерапиялық емдер, емдік сылап-сипау, механикалық массаж, емдік бассейн, уролог, парафинді-озокерит терапиясы, фитокүбі қондырғысымен емдеу кеңінен жүргізілетін көрінді.
Шипайжай әкімшілігімен болған кездесу барысында облыстың салалық кәсіподақ төрағасы екі жаққа да тиімді келісім шартқа қол қойды. Сөйтіп, келер жылдың жаз маусымында кәсіподақтың белсенді мүшелері мен көшбасшылары «Меркі шипажайында» демалуға мүмкіндік алмақшы.
Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі.