ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҰСТАЗ
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Иә, нағыз ұстаз болу - бақыт әрі абырой. Мұғалім болу оңай, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. "Ұстазды алтын діңгекке теңер едім" деген ұлы педагог Ы. Алтынсариннің қанатты сөзінде айтылғандай, мектеп бәйтерек болса діңгегі де, тірегі де, жүрегі де - ұстаз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біраз мұғалімдер ала дорбасын арқалап, дипломын сандық түбіне сақтап, сауда соңында кеткен еді. Ал нағыз ұстаз қандай да сын сәтте өзінің мамандығына адалдықпен қарап, өзінің асыл мұраты жолында күресе біледі. Міне, бүгін қаламымызға арқау болып отырған ұстазымыз - Үнғалиева Маздақ Каримқызы. Киелі қара шаңыраққа тоқсанның тоқырауында келіп, күні бүгінге дейін үздіксіз білім беру жолында аянбай еңбек етіп, зейнет жасына жетіп отыр.
Білім беру саласында білікті ұстаз, өз мамандығының хас шебері бола білген Үнғалиева Маздақ Каримқызы 1962 жылы 13 желтоқсанда Атырау облысы, қазіргі Құрманғазы ауданы, Богатый селосында дүниеге келген.1980 жылы 10 жылдық мектепті бітіріп, Атырау қаласындағы педагогикалық училищесінің мектеп бөліміне оқуға түсті.
1985 жылы аталған оқу орнын бітіріп, Маңғыстау облысы Сай-Өтес станциясына жолдамамен №84 мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып келді. 1991 жылы Маңғышлақ станциясындағы №86 орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасты.
2005 академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» факультетін бітірді. Қазігі таңда Мұнайлы ауданында «№1 жалпы білім беретін мектепте» бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасап келеді.
Ұстаздық жылдарында шәкірттері талай додадан бәйге алып, мектеп мерейін үстем еткен. 2015 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» атты ҚР білім беру жүйесінің үздік қызметкерлері кітапшасына енгізілді.
Маздақ Каримқызының бойынан мамандығына деген адалдық, тазалық, талаптылық табылады. Ізінен ерген жастарға үлгі боларлық тұлға. Педагогикалық кеңестерде ұжымға ақыл - кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет сізді қатардағы мұғалімнен ұжымның сыйлы да беделді ұстазы, шәкіртке шыңдай биік тұлға деңгейіне көтерді.
Ұстазымыздың еңбек жолы – ұлы жол, бүгінде айтулы белес 60 жасқа аяқ басқалы отырған мерейтой иесін құттықтаймыз.
Маздақ Каримқызына зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілейміз. Өрелі істің алтын қазығы болып, ортамызда аман-есен жүре беріңіз.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданының №1 жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ кәсіподақ ұйымы.