ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
1999 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы өз қарарымен 25 қарашаны Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күні деп жариялады. Адам құқықтарын қорғау күнінде қамтып, «Бірлесіңіз! Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату жөніндегі белсенділік» атты тақырыпта «Оқу-ағарту, ғылым, жоғары білім және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Ескелді аудандық филиалы шара өткізді.
Кәсіподақтың жанынан құрылған әйелдер істері жөніндегі Комиссиясының төрағасы Ғазиза Жұбанованың бастамасымен ұйымдастырылған шараға Талдықорған аумақтық әйелдерді қолдау орталығының директоры Жанар Нұрмұханова, Ескелді аудандық әйелдер Кеңесінің төрайымы Дина Карипова, аудандық аурухананың психологі Марина Сигида, әйелдер құқығы мәселелер жөніндегі инспектор Лаура Түсіпова және комиссия мүшелері қатысты.
Жыл сайын өткізілетін шараны Ескелді аудандық филиалдың төрағасы Адия Айтбузинова өз сөзімен ашып, мақсаты мен міндетін, маңыздылығын айтты. Әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың туындау себептері мен оны жоюға бағытталған шараларды көпшілік талқылауына ұсынды.
Шараны әйелдер істері жөніндегі Комиссияның төрағасы Ғазиза Қанапиянқызы жалғастырып, қоғамда нәзік жандардың басына түскен ауыртпашылық туралы ой қозғады.
Отбасындағы келеңсіз жағдайлардың жыл сайын саны артып бара жатқанын жеткізді. және де алдына-алу шараларын тізбектеп, қиындыққа тап болған әйелдерді қорғау орталықтары тұрақты жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Қатысушылар екі топ іріктеліп, «Зорлық –зомбылық», «Зорлық-зомбылық нысаны және зорлық-зомбылыққа қарсы күрес», «Прокурорлар / адвокаттардың қайсысы қорғаушы?» сынды қамтылған кезеңдерде өздерінің пікірлерімен бөлісті. Бірі даттады, енді бірі жақтады. Әлсіз тұстарды анықтап, оларды жою үшін ұсыныстар айтылды.
Өзекті мәселе бойынша Талдықорған аумақтық әйелдерді қолдау орталығының директоры Жанар Болатқызы көмек сұрап келген нәзік жандардың қарасы көп екенін айтты. Оларға алдымен психологиялық кеңес беріліп, белгілі бір уақыт аралығында қолдау көрсетілетінін айтты.
Әр мекеменің өкілдері сөз сөйлеп, нәзік жандардың қоғамдағы рөлі, туындаған мәселелерін жан-жақты саралап, әйелдердің құқығын қорғау үшін бірлесе жұмыс жүргізу керек екенін айтып, бұндай шаралар алдағы уақытта да жалғастыруды уағдаласты.
Оқу-ағарту, ғылым, жоғары білім және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
«Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі.