КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Еңбек даулары және оларды шешудегі Келісу комиссияларының рөлі. Еңбек дауларын сотқа дейінгі және сотта қарау тәжірибесі» тақырыбында семинар өтті. Кәсіподақтық оқыту семинарына М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік университеті мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының, Жамбыл облысы бойынша «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Келісу комиссияларының мүшелері қатысты.
Алдымен сөз алған жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қолданыстағы Еңбек кодексінде жеке еңбек дауын шешу үшін алдымен Келісу комиссиясына барып, одан кейін ғана сотқа жүгіну тәртібі көзделгенін, сонымен бірге, Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармағына сәйкес Келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, еңбек дауларында келіссөздер жүргізу және консенсусқа қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқытудан өтуге міндетті екенін айтып өтті.
Бұдан соң Жамбыл облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Гульжан Бакирбаева сөз алып, мемлекеттік еңбек инспекциясының жеке еңбек даулары мен жанжалдардың алдын-алу мен сотқа дейінгі реттеу тәжірибесімен бөлісті. Ал жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызметтің жетекшісі Берік Баймағамбетов Келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздері туралы ақпаратпен бөлісті. Семинарда Кәсіподақтың құқықтық және кадр қызметінің бас маманы Әлия Джолшибекова «Келісу комиссиясын құру мен комиссияның жұмыс тәртібі туралы. Комиссияның іс-құжаттарын рәсімдеу мен жүргізу тәжірибесі» туралы дәріс өтті.
- Жеке еңбек даулары ҚР ЕК 159-бабына сәйкес Келісу комиссиясымен қаралуы тиіс. Жеке еңбек дауын шешу жөніндегі келісу комиссиясы тұрақты қызмет атқаратын орган болып табылады және заңды тұлға мәртебесіндегі әрбір білім және ғылым ұйымдарында құрылып, кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің бірдей санынан жасақталады. Әрбір тараптан өкілдер саны еңбек ұжымының санына байланысты белгіленеді. Комиссия мүшелерінің нақты саны, оның жұмыс тәртібі, мазмұны мен шешімдер қабылдау тәртібі ұйым басшысы мен кәсіподақ комитетінің арасында жазбаша келісім бойынша белгіленеді, болмаса ұжымдық шартпен анықталады, - деді Әлия Джолшибекова.
Семинар барысында Келісу комиссиясының тұрақты қызмет атқаратын орган екені, яғни, ол жеке бір дауды шешу үшін емес, ұйым қызметінде туындауы мүмкін барлық жеке еңбек дауларын шешу үшін құрылады және бір дауды шешумен оның қызметі тоқтап қалмайтыны да айтылды.
Семинардың барлық қатысушыларына игерілген тақырып бойынша әдістемелік құралдар және Келісу комиссиясының мүшелеріне оқудан өткендігін растайтын сертификат берілді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.