« МҰҒАЛІМ – МЕКТЕП ЖҮРЕГІ»
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелеуші, бүгінгі ұстаз – ертеңгі ұлттың тізгінін ұстар азаматқа бағыт сілтеуші. Осындай зиялы қауым өкілі, ұстаздар әулетінен шыққан, еңбегімен нағыз ұстаз атына лайық адам, ол – Серікбаев Майрамбай Зейнуллаұлы. Үздіксіз 38 жыл еңбек еткен ұстазымыз биыл 60 жасқа толды. Сонау 1962 жылдың 8 қарашасында Қарақалпақстан Республикасы, Шымбай ауданында дүниеге келген. 1979 жылы мектепті бітірген жалынды жас Нөкіс қаласындағы Нөкіс Мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Табиғаттану факультетінде география мамандығы бойынша оқиды. Алғыр да жауапкершілікті жас университет қабырғасында жүріп-ақ көзге түседі. Олимпиада, ғылыми жоба т.б. сайыстарда топ жарып, үздіктер қатарынан көрінеді. Осы оқу орнын 1984 жылы «Үздік дипломмен» бітіріп шығады. Қолына диплом алған жас маман туған жеріндегі өз мектебіне жұмысқа тұрады. Білімді және ізденімпаз жас маман еңбекқорлығымен көзге түсіп, мұғалімдер арасында беделі артады.
Оқушылары аудандық, облыстық, респуликалық пәндік олимпиадалар мен түрлі сайыстарда жүлделі орындар алып жүрді. Өзі де мұғалімдер арасында жыл сайын өткізілетін «Жыл мұғалімі» сайысының Республикалық кезеңінде жеңімпаз болып, 1991 жылы «Өзбекстан Республикасы Халық білім беруінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сол жылы жоғары санатты мұғалім атанды. Аудан мұғалімдерінің арасында озо шауып, бәйге биігінен көрінген азаматты республика орталығындағы университетке жұмысқа шақырады. 1993-2014 жылдар аралығында Бердақ Мемлекеттік Университетінде аға оқытушы болып жұмыс жасайды. Университетте жұмыс жасаған жылдары «Қарақалпақстан Республикасының жер-су Ресурстары және оны ауылшаруашылығында тиімді пайдалану жолдары» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысты. Осы тақырыпқа қатысты 2 оқу-әдістемелік қолданба және 16 ғылыми мақала, тезистерді ұсынып, олар баспадан кітап болып шығарылды. Ол кітаптары мұғалімдер мен студенттерге әдістемелік құрал ретінде ұсынылды. Мұғалімнен ұлағатты ұстазға айналды. Студенттер арасында «Золотой куратор» атағына ие болды.
Серікбаев Майрамбай ағай мұғалімдердің білім жетілдіру институтында мұғалімдерге география пәнін оқытудың әдіс-тәсілдері бойынша өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті. Білімді де білікті ұстазды үнемі зор құрметпен түрлі сайыстар мен Республикалық олимпиадаларда қазылар алқасының құрамына шақыратын еді.
2014 жылы санада сарғайған Атамекенге деген сағыныштың жетегінде Маңғыстауға қоныс аударады. Сол жылы Ақтау қаласындағы № 8 орта мектепке жұмысқа орналасады. Ал 2015 жылдың қараша айынан №12 жалпы білім беретін мектепте география пәні мұғалімі болып өз жұмысын жалғастырады. Бүкіл ғұмырын ұстаздық жолға арнаған Майрамбай ағай ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің ұлағатты сөзін өз ұстанымы етіп алған: «Маған мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектеп жүрегі»
Алаш зиялысы М.Жұмабаев: «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» - деп айтқандай қазақ халқы ұстаздар қауымын өте құрметтеген. Өз ісін сүйетін ұстаз жаңа ортада да білімі мен біліктілігін көрсете білді. «Жақсыда жаттық жоқ» - дегендей ол кісіні жаңа ұжымы да жақсы қарсы алды. Ол 2015 жылы Мұнайлы аудандық жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдерінің олимпиадасында география пәнінен қатысып, жүлделі 3 орынды иеленді. 2021-22 оқу жылында аудандық жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдерінің олимпиадасында география пәнінен І орынды алып, облысқа жолдама алған болатын. Марапат мерей өсіреді деген сөздің дәлелі ол кісі мектеп, аудан ғана емес, облыста да оза шауып, облыстық олимпиада да топ жарып, І орынды иеленді. Сондай- ақ ол көптеген сайыстарға қатысып, алғыс хат, мадақтамалар алып жүр. Атап айтқанда 2017 жылы Ақтөбе қаласында "Болашақтың ғалымдары" атты облыстық ғылыми зерттеу жұмыстар байқауына қатысқан оқушысына жетекшілік еткені үшін "Алғыс хат" , 2018 жылы мектепшілік «Үздік дарынды балалар жетекшісі-2017» номинациясымен марапатталды. 2020 жылы «Ұстаз тілегі» республикалық ғылыми әдістемелік орталығы ұйымдастырған республикалық география пәнінен 10 сыныптар арасында өткізілген олимпиадаға жеңімпаздарды дайындағаны үшін «Алғыс хат». 2020 ж. Маңғыстау облысының білім басқармасы, 2021 жылы «Мәңгілік ел ұстаздары – 21» атты республикалық педагогикалық байқаудың «Үздік ұстаз» номинациясының иегері атанды. 2021 жылы «Білім беру ісінің үздіктері – 2021» республикалық байқауында «Ұстаз» орденімен марапатталды.
Серікбаевтар әулетін ұстаздар әулеті десе де болады. Майрамбай ағамыздың көкесі Серікбаев Ісметұлла математика пәнінен мұғалім болған. Қазір Серікбаевтар әулетінде Майрамбай ағайды тәте дейді, осы көкесі мен тәтесінің жолын қуған Серікбаевтар әулетінде 20-ға жуық ұстаз бар. Қарақалпақстанда Серікбаев Азамат және Серікбаев Саламат география пәнінен, Серікбаева Жұлдызай матемитика пәнінен, Серікбаева Айнұр бастауыш сынып мұғалімі, Серікбаева Құндызай және Серікбаева Айкерім ағылшын тілінен, Серікбаева Жадыра қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Қазақстанда Серікбаева Шолпанай география пәнінен, Серікбаев Жеңіс тарих пәнінен, Серікбаев Нұрсұлтан және Серікбаев Расул дене шынықтыру пәнінен, Серікбаева Арай ағылшын тілі пәнінің мамандары. Құт қонып, береке дарыған Майрамбай ағамыздың шаңырағы - нағыз ұстаздар шаңырағы. Биыл ағамыз 60 жасқа толып отыр. Үздік педагог, педогог-зертеуші санатына ие, 38 жылдық стажы бар. Жолдасы Калиева Раушан Абишовна Мұнайлы ауданы №5 жалпы білім беретін мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ол кісінің де 35 жылдық еңбек өтілі бар. Үлкен ұлы Серікбаев Нұрлан Мұнайлы ауданы №14 жалпы білім беретін мектепте география пәнінен сабақ береді. Ауданның үздік жас ұстаздарының бірі. Қызы Серікбаева Құндызай ағылшын тілінің маманы болса, келіні Серікбаева Махаббат Мұнайлы ауданы №1жалпы білім беретін кешкі мектепте физика пәнінен сабақ береді. Кіші ұлы Серікбаев Нұржан ата жолын қуып экономист, банк саласында жұмыс жасайды. Осы оқу жылында «Өнегелі отбасынан ұстаздық жолға...» атты педагог отбасылары арасындағы аудандық байқауында жүлделі орынды иеленді.
Білімді, ұлағатты ұстаз оқытушылар ұжымы мен оқушылар арасында сыйлы, беделді. Бірегей ұстаздың халқына берері өте көп. Толағай табыс иесі ұстазымызға шығармашылық шабыт тілейміз.
П.С.Жұманазарова,
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, №12 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.