БАҚЫЛАУ-ТЕКСЕРУ ҚЫЗМЕТІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жарғысына сәйкес Бақылау-тексеру комиссиясы Кәсіподақтың бақылау-тексеру органы болып табылады. Аталған органның жұмысы қаржыға тікелей байланысты болғандықтан оның жұмысына бей-жай қарауға болмайды. Осы орайда, Жергілікті кәсіподақтың ұйымдастыруымен Филиалдардың Бақылау-тексеру комиссиясының мүшелеріне арналған «Кәсіподақтағы бақылау-тексеру қызметінің ерекшеліктері» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Семинарды ашқан Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков мүшелік жарналардан құрылатын кәсіподақ қаражаты кәсіподақ Жарғысымен, мүшелік ұйымдардың жарғыларымен көзделген тәртіпте Кәсіподақтың, оның барлық құрылымдық звеноларының қызметтерін қаржылай қамтамасыз етуге бағытталатынын, ал оның мақсатты жұмсалуын Бақылау-тексеру комиссиясы қадағалайтындықтан жауапкершіліктің жоғары екендігін атап өтті.
Мұнан соң «Кәсіподақтың Бақылау-тексеру қызметінің жарғылық негіздері» тақырыбы аясында облыстық Бақылау-тексеру комиссиясының мүшесі Арман Стыбаев дәріс оқыса, комиссияның өзге мүшелері – Аризат Мұртазаева мен Зағипа Абдиева бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы бақылау-тексеру қызметін тиімді жүзеге асырудың тәжірибесімен бөлісті.
Модераторлар ең алдымен мүшелік жарналардың дұрыс аударылуын, толық жиналуына көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды. Комиссия өз жұмысында Кәсіподақ мүлкінің, ақшалай қаражатының және материалдық құндылықтарының сақталуын, шығарылған шығындардың заңдылығы мен мақсатқа сәйкестілігін, құрылатын қорлардың орынды қолданылуын; қаржы және статистикалық есептің шынайылығын; іс жүргізуді, кәсіподаққа қабылдау тәртібін қадағалауды, кәсіподақ органдарына істердің өткізілуін және олардағы кәсіподақ мүшелері хаттарының, шағымдарының, ескертулері мен ұсыныстарының қаралуын бақылауды жүзеге асыратынын жеткізді. Модераторлар комиссия жұмысының мазмұнынан соң бақылау органы қызметінің тәртібі, тексерулер нәтижелерін рәсімдеу мен рәсімдеуде толтырылатын актілердің үлгісімен таныстырды.
Жиын соңы еңбек туралы және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағатымен аяқталды. Барлық қатысушыларға оқудан өткендігін растайтын сертификаттар берілді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.