КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ
Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Қ.Сүндетұлы Құрманғазы, Исатай аудандарында кәсіподақ мүшелерімен кездесті.
Құрманғазы ауданында Абай атындағы орта мектептің мәжіліс залында есептік саясатқа қатысты жиын өткізілді. Жиынға қоғамдық бірлестіктің төрағасымен бірге заңгер Юлия Айбосынова, ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Зәуре Бекмұхамбетова, есепшісі Тамаша Көркешова, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева, аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Әуез Ізжанов, аудан мектептері мен балабақшаларындағы кәсіподақ ұйымдарының басшылары, ұстаздар қатысты.
Қылышбай Сүндетұлы кездесу мақсаты туралы айтып, бүгінде кәсіподақтың билік пен қызметкер арасында алтын көпір болып отырғанын жеткізді. Заңгер Юлия Айбосынова «Жазатайым оқиғаларды тергеу», ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Зәуре Бекмұхамбетова «Кәсіподақ мүшелерін есепке алу және кәсіподақтың құжаттарын рәсімдеу», есепшісі Тамаша Көркешова қаржыға қатысы хабарлама жасады. Хабарламаларда алдын-ала жоспарлаусыз ешқандай жұмыс нәтижелі болмайтыны, кәсіподақ органдары мен салалық кәсіподақ ұйымдарында көптеген жылдарда бұл мәселеде белгілі бір жүйе мен тәжірибе қалыптасқаны айтылды. Алайда, жоспарлаудың әлі де ескі тәсілдерден алшақтамағандығы да назардан тыс қалмады.
Жоспарлау кезінде кәсіподақ ұйымдарының жұмыс жоспарының негізгі мазмұны, басты жарғылық міндеті кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қорғауды іске асыру мәселелері болуы тиіс. Сондықтан кәсіподақ комитеті жоспарлау барысында қандай құжаттарды басшылыққа алуы керектігін білуге міндетті. Осының бәрін қалай жүзеге асыру хабарламаларда және оған қатысты қойылған берілген жауаптарда нақтыланды. Бірлестіктің заңгері Юлия Айбосынованың қатысушылардың туындаған бірқатар сұрақтарға берген жауабын ықшамдап келтірсек, не жөнінде болғанын оқырманның өзі пайымдайды деген ойдамыз. – Әскер қатарында болғаны алғашқы әскери дайындық мұғалімдерінің еңбек өтіліне қосылады. Мектеп күзетшісіне, операторларға, техникалық қызметкерлерге сауықтыру төлемдері төленбейді. Ол азаматтық қызметшілерге ғана тиесілі. Еңбек демалысының балабақшаларда 24, мектепте 30 күн болуы ұжымдық шартта қаралады. Ең азы 24 күн. Зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкермен арадағы шарт жұмыс берушімен ұзартылады. Ол «осындай оқу жылына белгілі бір пәннен сабақ беруге», деп жасалып, ондағы мерзім санмен емес, жазумен жазылады. Жас маман келді деп оны жұмыстан шығарып тастауға құқыңыз жоқ. Айта кетейін, зейнеткерлердің лауазымды қызметте отыруы шектелмеген. Оны қызметінен медициналық комиссия 70% жұмысқа қабілетсіз деп таныса ғана босата аласыз. Балабақшадағы бір құлағы естімейтін, ІІІ топ мүгедектігі бар тәрбиеші өз еркімен жұмыстан шыққысы келмесе оны орнынан босату немесе басқа жұмысқа ауыстыру құқығы сіздерге берілмеген. Еңбек Кодексі бойынша ол кісіні жұмыстан шығара алмайсыз. Кәсіподақ мүшесінің құқы бұзылса біз жоғары сотқа дейін шығамыз. Еңбек дауы бойынша сотқа беретін мерзім 1 жыл. Сол аралықты бізге шығыңыздар. Уақты өтіп кетсе ештеңе істей алмаймыз, - деді «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің заңгері Юлия Амангелдіқызы.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева жиынды қорытындылап: – Қылышбай Сүндетұлы сіз жиі-жиі жақсы, мазмұнды жұмыстармен келесіз. Аудан педагогтары жұмыстарыңызға риза. Бүгін де заңдылықтар туралы бірқатар мәліметтерге қанықтық. Қатысушылардың қойған сұрақтарына тыңғылықты жауаптар қайтарылды. Жалпы кім-кімге де зейнеткерлік жас келеді. Оған жетпейтіндер де бар. Аман-есен жеткеннің өзі бір қуаныш! Зейнет жасына жеткен адам соның қызығын көруі тиіс деп ойлаймын. Қазір көп адамдар орындарынан кетпейді. Әрине, қала беруге құқыларыңыз бар, оған ешкім қол сұқпайды. Дегенмен де жоғары оқу орындарын бітірген қаншама жас мамандар жұмыссыз жүр. Менің алдыма жастар жұмыс сұрап көп келеді. Олардың ішінде сіздердің де ұл-қыздарыңыз болуы мүмкін. Соны да ойлаңыздар! Заңды орындау бір фактор, екіншісі адами фактор екенін де ескеріңіздер. Басшыларыңызға қатысты реніштеріңіз болса, алдымен бізге келіңіздер. Бірлесіп мәмілеге келейік, - деп өзара татулықта жұмыс жасауға шақырды.
Исатай ауданында Қылышбай Сүндетұлы бастаған бірлестік қызметкер-мамандары Аққыстау орта мектебінің базасында білім саласы мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төраға-төрайымдарымен семинар өткізді.
Семинарға Атырау облыстық Білім беру басқармасының Исатай ауданы білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева, «Атырау облысы білім және қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті» Филиалының төрайымы Қарлыға Дузбаева, Аққыстау орта мектебінің директоры Тамара Халенова, білім бөлімінің бас маман есепшісі Роман Каримов және барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төраға-төрайымдары қатысты.
Қылышбай Сүндетұлы өз сөзінде алдағы Президент сайлауының маңызын ескере отырып,ауданның барша ұстаздарын, зиялы қауым өкілдерін сайлаушыларға түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарына белсене қатысуға шақырды. Президент сайлауы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жетістіктерінің негізін қалайтын, жаңа саяси дәуірдің тірегі болмақ. Әсіресе мұғалім мәртебесі, мұғалімдердің құқығын қорғау, еңбек әлеуетін арттыру, кәсіподақ мүшелерін Заңды қорғау, оларға жағдай жасау барысындағы кәсіподақ ұйымының атқарып отырған оң бағыттағы нәтиже жұмыстарына тоқталып баяндады. Сонымен бірге аудандық кәсіподақ филиалдарының жұмыстарына ризашылығын білдірді.
Семинар жоспары бойынша облыстық кәсіподақтың заңгері Юлия Айбусынова «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері» жазатайым оқиғалар және олардың алдын алу,тіпті болған жағдайда қандай қадамдар жасау керектігі туралы айтып түсіндірді.
Жазатайым оқиғалар орын алған жағдайда тексеру комиссияларын құру, олардың жұмысы туралы өте қарапайым сөзбен түсінікті баяндады. Семинар барысында облыстық кәсіподақ маманы Зәуреш Бекмуханбетова «Білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының іс-қағаздары туралы, кіріс-шығыс құжаттары туралы және Алтын Тұяқбаева «Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қаржылық құжаттарын жүргізу тақырыбында баяндамаларын көрсетілімдер арқылы баяндама жасады.
Семинар соңында кәсіподақ белсенділері көкейдегі сан-сауал сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті, нақты жауаптарын алды.
Кездесуде Атырау облыстық Білім беру басқармасының Исатай ауданы білім бөлімінің басшысы Гүлайна Кұрманғалиева, «Атырау облысы білім және қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті» Филиалының төрайымы Қарлыға Дузбаева, Аққыстау орта мектебінің директоры Тамара Халеновалар сөз сөйледі.
Сонымен қатар бір топ кәсіподақ мүшелері Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.Келесі апта 15 қараша «Ұлттық валюта» күніне орай Білім бөлімінің бас есепшісі Роман Каримов Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталса, Аққыстау орта мектебінің есепшісі Жадыра Молдағалиева, «Ақбота» балабақшасының есепшісі Марта Губашева, оқушылар үйінің есепшісі Гүлбану Елешева облыстық кәсіподақтың Алғыс хаттарымен және сыйлықтармен марапатталды.
Мырзағалиев орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрлан Ипекенов барлық кәсіподақ мүшелері атынан алғысын білдірді.