«КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫНЫҢ РӨЛІ » АТТЫ СЕМИНАР
«Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігіне қарасты Талдықорған және Текелі қалалық филиалдарындағы білім беру мекемелері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына арналған семинар өтті.
Онлайн кездесуді облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов ашып, семинардың мақсатын айқындап берді.
Жиынды Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева жалғастырып, келісу комиссиясын құру жолдарын толық түсіндіріп өтті.
«Салалық кәсіподақ келісу комиссиясы туралы ақпарат беру үшін ереже және қаулысын бекітті. Қабылданған ережеге сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Білім беру мекемелерінде комиссияның рөлі ерекше», - деді салалық кәсіподақтың өкілі өз сөзінде.
Сонымен қатар, жұмыс беруші тарап пен жұмыскерлердің арасында тең құрамы бекітілетінін және комиссия құрамын мекеме басшысы еңбек ұжымына таныстыруы қажет екенін атап өтті. Қос тараптан тағайындалған комиссия мүшелері еңбек қатынастары жөнінде туындаған мәселелерді қарастырып, ортақ шешім шығаратынын атап өтті. Сондай-ақ, келісу комиссиясының құрылу мерзімі мен ондағы басшылықтың және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасының атқаратын қызметін айтты.
Салалық кәсіподақтың өкілі құрылған комиссияның мүшелерін орталық аппараттың ықпалымен ағымдағы жылы тегін оқытуды жүзеге асыруды жоспарлағанын және келісу комиссиясының тұрақты, сапалы жұмысын істеуіне жан-жақты қолдау танытатынын жеткізді.
Онлайн семинарда кәсіподақ мүшелерінің тарапынан туындаған оқытуды қаржыландыру, кәсіподақ жарнасынан оқыту, оқытылу мерзімдері, құрамындағы адам саны, олардың өкілеттігі, атқаратын қызметі сынды сұрақтарға кәсіподақ белсенділері толық жауап берді. Шара алдағы уақытта жалғасын тауып, Жетісу облысындағы аудандарды толық қамтылады деп күтілуде.
«Алматы облыстық білім, ғылым және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподағы» ҚБ-нің баспасөз қызметі