ҮМІТКЕРГЕ – ҰСТАЗДАР ҚОЛДАУЫ
Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы №8 жалпы білім беретін орта мектепте осы өңірдегі білім беру ұйымдарының басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен өткен жиында алдағы президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөнінде ортақ шешім қабылданды.
Әріптестері алдында «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы сөз алып, Мемлекет басшысының демократия, заңның үстемдігі және теңдік принциптері сақталатын күшті, әділетті Қазақстан құру идеясына, халқымыздың жасампаздық пен ынтымақ бірлігіне, өскелең ұрпақ болашағы үшін қолға алынып жатқан бастамаларға тоқталды. Ол Президент сайлауының маңызын ескере отырып, ауданның зиялы қауым өкілдерін, барша ұстаздарды сайлаушыларға түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарына да белсене қатысуға шақырды. «Біз мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді, жеріміз бен тілімізді сақтасақ Қазақстан – дамыған, замануи, нарықтық экономикасы бар, демократиялық мемлекетке айналамыз. Алдағы Президент сайлауы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жетістіктерінің негізін қалайтын, жаңа саяси дәуірдің тірегі болатын сәтті қадамның бастауы болмақ» деп түйіндеді өз ойын қоғамдық бірлестік төрағасы Қылышбай Сүндетұлы.
Бұдан кейін кездесудің екінші бөлімінде облыстық салалық ұйымның жоспарына сай оқу-семинары өз жұмысын бастады. Алғаш сөз алған облыстық салалық кәсіподақ ұйымының заңгері Юлия Айбосынова «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері. Жазатайым оқиғаларды тергеу», ұйымның бас маманы Зауреш Бекмұхамбетова «Білім беру және кәсіподақ ұйымдарында іс жүргізу туралы» және есепші Тамаша Көрпешева «Бастауыш кәсіподақ ұйымының қаржылық құжаттарын жүргізу туралы» тақырыбында баяндамалар жасады.
Жиын барысында тыңдаушылардан түскен сұрақтарға жауап беріліп, кәсіподақ көшбасшылары өзара пікір алмасты.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі.