«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ДАУЫС БЕРЕМІЗ!»
Бұл кәсіподақ белсенділерінің ұйғарымы.
Бүгін Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық штабының мүшелері Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі салалық кәсіподақтарының көшбасшыларымен, бастауыш ұйымдардың жетекшілерімен кездесті.
Кездесуді Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Еділ Ұзақбай ашып, алдағы саяси науқанның еліміздің өркендеп дамуындағы маңызына тоқталды. Кездесу барысында облыстық қоғамдық штабының мүшелері Өмірзақ Зинуллин, Сайын Қуанышев, Балжан Досмұхамбетова, Нұрлыбек Даралиев сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі жүргізіп отырған саясатын, оның әділетті әрі қуатты Қазақстан құрудың болашақ дамуы бағдарламасын қолдауға және алдағы сайлауға біркісідей қатысып, азаматтақ белсенділік танытуға шақырды. Олар еңбек қоғамының негізгі тірегі – қарапайым еңбек адамының әл-ауқатын арттыру сияқты басым бағыттардың да үміткердің сайлауалды бағдарламасында айқын көрініс тапқандығын тілге тиек етті.
Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында салалық кәсіптік одақтардың жетекшілері Қылышбай Сүндетұлы, Майра Қашкенова, Асқар Бисенов, Әбила Қазиева және басқалары қоғамдық штаб мүшелерінің назарын өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, мұнай-газ кешені, ауыл шаруашылығы салаларында халықтың көкейінде жүрген кейбір қордаланған мәселелерге аударды. «Өзекті мәселелерді қазақстандықтар жаппай қолдайтын күшті билік қана шеше алады. Сондықтан сайлаушылардың 20 қарашада сайлау учаскелеріне келіп, елдің одан әрі даму жолын анықтайтын таңдау жасауы маңызды. Біз ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ДАУЫС БЕРЕМІЗ!» деген тоқтамға келді кәсіподақ белсенділері.
Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, баспасөз қызметі