ӘРІПТЕСТЕР ЖАДЫНДА ҚАЛҒАН ТҰЛҒА
Атырау облысы, Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылындағы «Арман» мәдениет үйінде кезінде Қаракөл орта мектебінде ұлағатты ұстаз, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болған марқұм Ерболат Байғабылдың еңбегін кейінгі ұрпақтар мен әріптестер жадында есте қалдыру мақсатында кеш өтті. Бұған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі мен аудандық салалық филиалы мұрындық болды.
Еске алу кешінде «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы сөз алып, Ерболат Нұрланұлының өмірі мен ұстаздық жолына және қоғамдық жұмыстағы тындырған өнегелі істеріне тоқталды. Ал, құрдасы Бекжан Жәрдемов, әріптесі Төлеген Аронов, марқұмның сүйікті жары Қаракөл орта мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі, педагог зерттеуші Сандуғаш Құспан осыдан сегіз жыл бұрын жол-көлік апатына тап болған екі баланы құтқару кезінде өзі бақилыққа аттанған азаматтың адамгершілік асыл қасиеттерін, шәкірттер тәрбиелеудегі ұстаздық еңбегін тілге тиек етті.
Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Ерболат Байғабылдың жары Сандуғашқа шипажайда демалуға тегін жолдаманы, ал ұлына ұялы телефонды тарту етті.
Бұдан соң аудан мектептерінің мұғалім ер және қыз-келіншектер арасында өткен тоғызқұмалақтан Ерболат Нұрланұлы атындағы аудандық турнирдің қорытындысы бойынша жарыс жүлдегерлері мен жеңімпаздары «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің дипломдары мен ақшалай сыйақыларына ие болды.
Еске алу турнирі біріншіден, тоғызқұмалақты ұлттық құндылықтар қатарына жататын зияткерлік ойын түріне жас ұрпақтың ынтасын оятып, бұқаралық спорт түріне айналдыруды, екіншіден, кәсіподақ ұйымы жұмысында спорттық шараларды дәстүрлі ұйымдастыру мақсатын көздеді.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі