ОРАЛДА ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Орал қаласында Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында білім беру қызметкерлерінің Ұстаздар күні мерекесіне орай «Ұстазым, сенің әр күнің, әр сәтің тұрған бір ерлік» атты мерекелік жиын өтті. Салтанатты шарада «Орал қаласының құрметті педагогы» атағының иегері анықталып, үздік ұстаздар марапатталды.
Халықаралық ұстаздар күніне орайластырылып, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығымен тұспа-тұс келген мерекелік жиын ағартушыға арналған қойылыммен бастау алды.
Қала әкімі Миржан Сатқанов педагогтар мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетуге бағытталған шаралар, жергілікті атқарушы орган тарапынан ынталандыру жұмыстары жалғасын табатынын айтты.
Шарада БҚО Орал қалалық кәсіподақ комитеті – Филиалының төрағасы Төлеген Темешев құттықтау сөз алып, бір топ ұстаздарды білім беру жүйесінде ұзақ жылдар бойы адал еңбегі мен ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, сапалы білім берудегі жетістіктері және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің «Құрмет грамотасымен» №1 жалпы орта білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Д.Орынбасаровты, Х.Доспанова атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Э.Хадимованы, №48 «Мұрагер» бөбекжайының дене шынықтыру нұсқаушысы Г.Кенесариеваны және Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет грамотасымен» №5 «Сәуле» бөбекжайының саз жетекшісі Т.Гусмановты, Мектептен тыс жұмыс орталығының бөлім меңгерушісі Д.Утибаеваны, Оқушылар сарайы, оқу – тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Кенжегаринаны, Оқу – өндірістік комбинатының өндірістік оқыту шебері М.Сабыровты сыйлықтармен марапаттап, гүл шоқтарын табыс етті.