КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Кәсіподақтың заңмен және жарғылық құжаттармен көзделген жұмыс бағыттарының бірі – сала өкілдері-кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатын арттыру, саладағы түйткілдерді шешудің құқықтық әдіс-тәсілдерін меңгеру болып табылады. Осы ретте, «10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні» кәсіби мерекесін атап өтудің кешенді жоспары аясында «Кәсіподақ және қоғам: заманауи көзқарас» тақырыбында оқу семинары өтті.
Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында өткен семинарға Тараз қаласы мен аудандық кәсіподақ ұйымдарының мүшелік ұйымдары болып табылатын білім мекемелері мен ұйымдарының жаңа сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері қатысты. Семинардың алғашқы сағатында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков тыңдаушыларды ұстаздар күні мен алдағы кәсіподақтар күні кәсіби мерекелерімен құттықтап, бүгінгі іс-шараның маңызына тоқталды.
- Семинардың басты мақсаты – ұжымның аманатын арқалап, кәсіподақ деген үлкен ұйымның табалдырығын жаңа аттаған әріптестермізге еңбек қатынастары бойынша білім беру, ұжымдық шарттың мән-мазмұнымен таныстыру, кәсіподақ көшбасшысы ретінде кәсіби біліктіліктеріңізді арттыру болып табылады. Семинар нәтижесінде өз білімдеріңізді кеңейтіп, оны қызмет барысында тиімді қолданасыздар деген сенімдемін, - деген Ерұлан Сәбенұлы бағдарламадағы алғашқы сұрақ бойынша сала қызметкері үшін кәсіподақ мүшелігінде болудың тиімділігіне тоқталып, нақты мысалдар келтірді.
Келесі сұрақ – «Ұжымдық шарт – мекемедегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу құралы» бойынша төраға орынбасары-құқықтық қызметтің басшысы Берік Баймағамбетов ақпарат берді. Өз сөзінде Берік Әбенұлы ұжымдық шарт кәсіподақтың қорғау қызметін жүзеге асырудың басты құралы екеніне, салалық кәсіподақтың қолданыстағы Келісім мен ұжымдық шарттарында сала қызметкерлерінің әлеуметтік, еңбек және экономикалық қатынастарын реттеу бойынша белгіленген нормаларға тоқталып, оларды еңбек қатынастарында тиімді пайдаланудың жолдарын көрсетті.
Ал Жергілікті кәсіподақтың кадр және құқықтық сұрақтар бойынша бас маманы Әлия Джолшибекова білім саласы қызметкерлерінің жалақысын есептеудің тәртібі мен ерекшеліктеріне тоқталып, семинар тыңдаушыларына жалақы есептеудің тәртібін үйретті. Практикумда қатысушылар бір-бірінің еңбекақыларын есептеп машықтанды. Семинардың соңғы сағаты кәсіподақ ұйымдарындағы ақпараттық жұмысқа арналды. Кәсіподақтың салалық «Еңбекші» газетінің Бас редакторы Бейбіт Бекназаров кәсіподақтағы PR-кампания жұмысының маңызына тоқталып, оны дұрыс жүргізудің тәсілдерін түсіндірді.
Осылайша, семинарға қатысқан әр тыңдаушы үздік кәсіподақ жетекшісі болумен бірге ұжымдағы әрбір әріптесінің еңбек мүддесін қорғауға көмектесетін мол пайдалы әрі тегін білімді қанжығаларына байлап кетті деуге болады. Оған «Бағдарлама мазмұнды әрі қызықты болды. Осы семинарға қатысқаныма еш өкінбеймін. Ең бастысы, еңбек заңнамасы мен жұмысты жүргізу әдістемесі бойынша алған нұсқаулықтар бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жандандыруда негіз болмақ» деген Тараз қаласында биыл ашылған №60 орта мектептің бастауыш кәсіподақ жетекшісі Перизат Бейсекованың сөзі дәлел.
Семинар соңында еңбек туралы және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған «Сұрақ-жауап сағаты» өтті. Барлық қатысушыларға семинарға қатысқандығын растайтын сертификаттар берілді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.