ҰСТАЗДЫҚ - ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ!
Елдің ертеңін айқындап, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін – білім саласы. Ал бұл саланың тірегі, жаны мен жүрегі - ұстаз. Дана Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп айтқандай, болашақ ел тұтқасына айналар зердесі ояу, ойы озық, білімді ұрпақ даярлау да осы қасиетті мамандықты иеленген мұғалімдердің қолында. Ұрпақ тәрбиешісі саналған ұстаздардың кәсіби мерекесі Жамбыл облысында дәстүрлі түрде биыл да жоғары деңгейде аталып өтті.
«Ұстаздық - ұлы қызмет!» атты салтанатты іс-шараға облыстағы білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары мен ұстаздары, сала ардагерлері, кәсіподақ өкілдері мен жергілікті мемлекеттік билік өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов педагогтарға мемлекеттік қолдау шараларының қарқынды жүргізіліп жатқанын, ұстаздардың білім беру саласында табысты жетістіктерін атап өтіп, кәсіби мерекемен құттықтады.
- Адам баласы қай заманнан бері жаңаны үйреніп, ғылымды игеріп, білімді тоқумен келеді. Оқушы зердесіне асылды дарытушы, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны ол ең алдымен – ұстаз. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» дейді халық даналығы. Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» десе, әлемдегі ең асыл мамандық иесі – Мұғалім екендігі сөзсіз! Сіздер өскелең ұрпаққа өмір бойы рухани азық болатын, болашағын және шынайы өмір жолдарын қалыптастыруда ең қажетті білім мен тәрбие бересіздер. Ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің таланты, біліктілігі, жауапкершілігі, адами қасиеттері өте маңызды, - деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімінің айтуынша, білім саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Бүгінгі таңда салаға облыс бюджетінің 53% бағытталып отыр. Ағымдағы жылы 22 білім нысанын салуға 7 млрд. 600 мың теңге бөлініп, бүгінге 13 мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 4 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.
- Өткен оқу жылы республикалық, халықаралық байқауларда 4557 мұғалімнің жеңімпаз боп танылуы, дарынды оқушыларымыздың халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда 217 медальді, шығармашылық және спорттық додаларда 1490 жүлделі орындарды иеленуі – облыс ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білемін. Осы орайда, облысымыздың білім беру саласында абыройлы қызмет етіп жатқан 40 мыңға жуық мұғалімге өз алғысымды жеткізгім келеді, - дей келе облыс әкімі аймақта білім саласын жетілдіруге қосып жүрген бір топ педагогтарды марапаттады.
Олардың қатарында, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының мұғалімі Елена Белоус пен Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназияның мұғалімі Гүлнар Өтегенова бар. Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен әріптесіміз, Меркі аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Мадина Асанжанова марапатталды.
Бар ғұмырын бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардагерлер де елеусіз қалмады. Мәселен, «Еңбек ардагері» медалімен ардагер-ұстаздар Камилаш Ахметжанова мен Айша Ниязбекова марапатталды. Сонымен бірге, өз саласында үздік атанған бір топ ұстаздар мен әдіскерлер, қосымша білім беру ұйымының педагогтары мен қосалқы шаруашылық қызметкерлері «Мамандыққа адалдық», «Бір мектепке арналған ғұмыр», «Ерен еңбек иесі», «Таланттар сәулесін жаққандар», «Үлкен жүрек», «Білім майданының көрінбейтін қаһарманы», «Мамандығым - мақтанышым» және «Үздік әдіскер» номинациялары бойынша марапатталып, салалық кәсіподақ ұйымының қаржылай марапаттарына ие болды.
Салтанатты жиын соңы облыс өнерпаздары мен шәкірттердің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.