ЖҰМЫСШЫ МҮДДЕСІ СОТТА ҚОРҒАЛДЫ
Кәсіподақ ұйымының басты міндеті – қарапайым еңбек адамының заңды құқығы мен мүдделерін қорғау, әрі оны тұрақты сақтау. Осы орайда «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне келетін адамдардың қарасы қалың. Солардың бірі – Қуаныш Тілепиев. Ол 2019 жылдың 4 желтоқсанында «Атырау облысы білім беру басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне автокөлік жүргізушісі болып жұмысқа қабылданады.
Алайда, аталған басқарманың басшысының 2022 жылдың 4 наурыздағы № 11 бұйрығымен жұмыстан босатылады. Жолдасы ерте дүние салып, жалғыз қалған азаматқа бұл ауыр тиді. Тәрбиелеп отырған үш баланы бағып-қағу қиындай түседі. Ешбір себепсіз жұмыстан босап қалған Қуаныш Тілепиев әділдік іздеп біраз есікті де тоздырды. Бірақ, қолғабыс етер мекеме де, жылы қабақ танытқан басшы да табылмады.
Жігері мұқалған жігіт «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне бас тірейді. Кәсіподақ арызданушы азаматтың мәселесіне орай тиісті жұмыстарды қолға алды: келісу комиссиясынанан бастап оның мүддесін қорғады. Алайда Атырау қалалық соты осы жылы 24 маусымдағы шешімі «Атырау облысы білім беру басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бұйрығын заңды деп табады.
Атырау облыстық сотына қалалық сот шешімінің күшін жойып, Қуаныш Тілепиевті бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақытына жалақыны, моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы апелляциялық шағым түсіреді.
Бірақ әділдік орнады: жақында облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – судья Б.Жұмабаев, судьялар Г.Исамберлиева, Г.Карабалина, болып, талап қоюшы Ю.Айбосынова, жауапкер өкілі Р. Оңғарсыновтың қатысуымен ашық сот отырысы өтті. Сот қаулысымен Атырау қалалық сотының осы жылғы 24 маусымдағы шешімі өзгертіліп, Атырау облысы білім беру басқармасының биылғы жылдың 4 наурызындағы бұйрығының күші жойылды. Сөйтіп, Қуаныш Тілепиев өзінің бұрынғы орнына автокөлік жүргізуші болып қайта орналасты.
Соттың күшіне енген шешімімен, облыстық білім беру басқармасынан Қуаныш Тілепиевтің пайдасына амалсыз бос жүрген алты ай уақытына 589 282 (бес жүз сексен тоғыз мың екі жүз сексен екі) теңге мөлшерінде орташа жалақысы, моральдық зиян өтемақысына 100 000 (жүз мың теңге) барлығы 689 282 (алты жүз сексен тоғыз мың екі жүз сексен екі) теңге өндірілетін болды.
Әділдік іздеп, алты ай сергелдеңге түскен азаматтың мүддесін салалық кәсіподақ облыстық сотта осылайша қорғап шықты.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі