АҚТӨБЕДЕ АУДАНДЫҚ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫ ЕСЕП БЕРДІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы атқару комитетінің жаңа оқу жылындағы алғашқы кеңейтілген отырысын өткізді. Жиынға «Ақтөбе облысы кәсіподақтар Орталығы» Аймақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары М.Әкімов, салалық білім кәсіподағының төрағасы Р.Серікова, аппарат мүшелері мен аудандық кәсіподақ көшбасшылары қатысты.
Кәсіподақ активі алдымен ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын талқылады.
“Президент Жолдауында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты қамтылып, салмақты саяси реформалар жарияланды. Білім саласы да назардан тыс қалмады.
Жолдаудың “ Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция” деп аталатын 3-ші бағдарында Президент білім беру жүйесіне қатысты көптеген күрделі мәселелерді көтерді.
Білімді ұрпақ- жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл сөз жалаң ұран болмауы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында біздің күшіміз жастардың білімінде екенін тағы бір есімізге салды.
Білім саласында еңбек ететін нәзік жандылардың үлесін ескерсек, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру шешімі де көптің көңілінен шыққаны анық. Білім кәсіподағы Президент бастамаларын қолдайды әрі оның жүзеге асуына жұмыла атсалысады”,-деді Раушан Серікқызы.
Күн тәртібінде бұдан өзге Ақтөбе облысының білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымы арасындағы 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің негізгі ережелерін орындау барысы, аудандарда құқықтық қорғау жұмыстары, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау тиімділігін арттыру, әлеуметтік әріптестікті нығайту, ұжымдық шарттардың орындалуын қадағалау сынды маңызды мәселелер сөз болды.
Алғашқы сұрақ бойынша бас маман, құқықтық еңбек инспекторы А.Алимпиевтің баяндамасы тыңдалды. Кәсіподақ заңгері әлеуметтік әріптестік туралы келісімде көрсетілген міндеттемелердің орындалуына қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Педагогикалық қызметкерлердің оқу жүктемесі, оқу бағдарламалары, кезекшілік кестесі кәсіподақ комитетінің пікірін ескере отырып белгіленуі тиіс. Тарификациялық комиссия жалғыз Хромтак ауданында бар. Білім беру ұйымының барлық қызметкеріне ұжымдық шарт таныстырылуы қажет. Алайда, барлық білім ұяларында бұл талап сақтала бермейді. Мұғалімдердің жүктемесін мектеп әкімшілігі кәсіподақтың қатысуынсыз-ақ реттеген жайттар аз емес. Сондықтан кәсіподақ төрағаларына уақытылы қоғамдық бақылау жүргізіп, білім беру ұйымдарындағы ашықтықты қамтамасыз етулерін ескертті.
Жиында сондай-ақ, Хромтау, Қарғалы, Байғанин және Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының төрағалары осы бағытта атқарылған жұмыстарының есебін баян етті.
“Кәсіподақ ұйымының негізгі міндеттерінің бірі – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, білім мекемелерінде ҚР заңдарының сақталуына бақылау жасау, еңбек дауларын әділ шешіп, ұжымдарда қалыпты моральдық-психологиялық ахуалды орнықтыру”,-дейді Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Қ.Әбенов.
Аудандағы 38 бастауыш кәсіподақ ұйымының 1800-ге тарта мүшесі бар. Есепті кезеңде педагогтер тарапынан еңбек дауларына қатысты бірнеше өтініш түсіп, барлығы да заң шеңберінде шешімін тапқан.
Мектеп директоры орынбасарына сауықтыру жәрдемақысын төлеу, еңбекке жарамсыздық қағазының ақысын өтеу, наурыз –сәуір айларында мұғалімдердің іс-сапар шығындарының уақытылы төленуі қадағаланған. Өзге аудандарда да кәсіподақ ықпалымен орын алған олқылықтар дер кезінде оң шешімін тапқан.
Жиын соңында жаңа оқу жылына жүктелген міндеттер нақтыланып, тиісті қаулылар қабылданды.
Аймақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Мұхтар Әкімов өз кезегінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының бастамасымен қолға алынған жобалар жайында әңгіме өрбітті. Федерацияның YouTube каналына тіркеліп, ондағы жарияланымдарды көруге кеңес берді.
Кәсіподақ қозғалысының тынысымен таныстырып, саладағы өзекті мәселелелерді қамтитын, түрлі түсініктемелер мен тың тақырыптарға өрілген сұхбаттардан тұратын “Ойтүйін”, “Приоритеты” бағдарламаларының мән-маңызы жоғары екендігін алға тартты.