ДӘСТҮРЛІ ШАРАДА ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАР МЕН ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз педагогикалық кеңесі – жаңа оқу жылы мен жаңа педагогикалық ой-пікірлерге бастау болатын педагогтарға арналған дәстүрлі шара.
Шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы Арман Кәрімұлы Өтеғұлов, облыс әкімінің және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, жоғары оқу орындарының ректорлары, білім беру және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Оразалыұлы Даупаев, білім саласының ардагерлері, білім беру бөлімдерінің және оқу орындарының басшылары, ата-аналар, мұғалімдер, отандық компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Оразалыұлы «Балаға мейірім сыйлаған» номинациясы бойынша дарынды оқушыларды, ұстаздарды және балаларға қамқорлық танытып, әр мерекеде ерекше көңіл-күй сыйлайтын демеушілерді марапаттады.
Одан бөлек, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының атынан «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелесімен бірқатар үздік ұстаздар марапатқа ие болды.
Еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен, өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты орындаумен ерекшеленген жандар «Ынтымақтастық серіктестігі» номинациясының иегерлері атанды.
Номинация иегерлері арнайы дипломдар мен Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының атынан ұстаздарға қаржылай сыйақылар және серіктестерге естелік сыйлықтар табыс етілді.
Тамыз кеңесі кәсіподақ мүшелері үшін осылай сәтті өтті. Жаңа оқу жылында ұстаздарға талантты шәкірттер мен толағай табыстар тілейміз!