АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы жұмыс жоспарына сәйкес көшпелі Атқару комитетінің отырысын өткізді.
Жиынға аудандық, қалалық филиалдардың төрағалары, атқару комитетінің мүшелері, облыстық ұйымның аппарат қызметкерлері қатысты.
Алқалы отырыстың күн тәртібінде облыстық ұйымның жанынан құрылған жастар Кеңесінің негізгі бағыттары және атқарған жұмысы, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауда кәсіподақтың ықпалы, кәсіподақтағы бақылау - тексеру комиссиясының рөлі мен атқарған қызметі туралы және ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Алакөл ауданында өткен шараны облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізіп, елдегі жағдайды бағамдап, орын алған өзгерістерге тоқталды. Ұстаздардың мәртебесін арттыруда кәсіподақтың рөлі жайында сөз етті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық ұйымның бас маманы, жастар Кеңесінің төрағасы Маржан Жұмабек баяндама жасап, 18-35 жас аралығындағы сала қызметкерлерінің қатысуымен өткен шараларды көпшілікке таныстырды.
Аудандық, қалалық филиалдардың қолдауымен білім бәйгесі, байқаулар және спорттық жарыстарды тоқсан сайын ұйымдастырылғанын және жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталғанын айтты. Сонымен қатар жас мамандар тарапынан түскен арыз-шағымдардың мазмұны қаралып, жастар Кеңесінің алдағы мақсаты мен міндеті айқындалды.
Жастардың бет алысын, олардың тың идеялары туралы Панфилов аудандық филиалдың төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков айтып, жергілікті жердегі Кеңестің атқарған жұмысын көпшілікке таныстырып, тәжірбесімен бөлісті.
Облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан сала қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауда кәсіподақтың ықпалы туралы ақпарат беріп, педагогтардың апталық жүктемесі, еңбек демалысына шығу, еңбекақыны есептеу, т.б. сұрақтарға тоқталып, жан-жақты түсіндіріп берді.
Ал, үшінші мәселе бойынша облыстық ұйымның бақылау - тексеру комиссиясының төрағасы Асхат Исабаев сөз алып, орталық аппараттың бастамасымен семинар өткенін айтып, қаржылық-шаруашылық жұмысты зерделеп, кәсіподақ мүшелерінен түскен жарнаны есептеу және оны негізгі бағыттарға жұмсалуы туралы нақты ақпарат берді.
Көрсетілген мәселелер бойынша Атқару комитетінің мүшелері ұсыныстарын білдіріп, бірауыздан қажетті Қаулыларды қабылдады.
«Алматы облыстық білім, ғылым және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподағы» ҚБ баспасөз қызметі