АЛТЫН - ЧАЖА» ЛАГЕРІ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай балаларды қорғау, сапалы білім мен қамту, мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасындағы балалардың денсаулығын нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Жаздық демалыста балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін барлық жерде лагерьлер өз жұмысын бастады. Текелі қаласындағы «Алтын-Чажа» демалыс орталығы да осы санатта. Аталған мекеме кезекті маусымының салтанатты ашылуын өткізді.
Оған Текелі қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Тугулбаев, Алматы облысының кәсіподақтар орталығының төраға орынбасары Қаһарман Жақсылық, Алматы облысы білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов, Текелі қаласы білім бөлімінің басшысы Нариман Естібаев қатысты.
Мекеме басшылары кезектесіп, балаларға жылы лебіздерін білдіріп, қоғам және отбасының бүлдіршіндерге беретін тәлім-тәрбиесінен бөлек, осындай ортаның балаларға беретін пайдасын айтып, Текелі қаласының табиғаты мен тарихын таныстырды.
Шараға арнайы қатысқан Алматы облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Құлмұханұлы сөз алып, кәсіподақтың негізгі бағыттарының бірі – кәсіподақ мүшелері мен оның балаларын сауықтыру екенін жеткізді. Осы мақсатта қоғамдық бірлестіктің атқарған жұмысына тоқталып, ұйымдастыру мәселелері қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты. Оқушылардың денсаулықтарын нығайту үшін «Алтын-Чажа» лагерімен келісім жасағанын және осы жылы 150-ден астам оқушыны демалтуды жоспарлағанын, алғашқы легі келгенін келгенін айтып, ізгі тілегін білдірді.
Демалушыларда лагерь тәрбиешілерімен бірігіп, келген қонақтарға ән айтып, би билеп, өнерлерін көрсетті. Аудан, қалалардан келген оқушылар салтанатты шарадан кейін үстел теннисі, шахмат және дойбы сынды ойын түрлеріне бөлініп, өзара мықтыларды анықтады.
Айта кетейік, сауықтыру орталығында балаларға барлық жағдай жасалған. Бүлдіршіндерге бес мезгіл тамақтану қарастырылған. Демалыс уақыты 7 күнді құрайды. Әр күнге жекелеген бағдарлама жасалған.
«Алматы облыстық білім, ғылым және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподағы» ҚБ-нің баспасөз қызметі