КӘСІПОДАҚ ҚОЛДАУЫМЕН БАЛАЛАР ДЕМАЛЫСҚА ЖІБЕРІЛДІ
16.06.2022 ж.күні «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ «Балалар жылы» аясында облыстың аудандық, қалалық кәсіподақ филиалдарымен бірге білім беру ұйымдарында қызмет ететін кәсіподақ мүшелерінің балаларының жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу мақсатында 15 баланы Каспий теңізінің жағалауында орналасқан «Балдәурен» жазғы демалыс лагеріне жіберді.
Балалар теңіздің таза ауасымен тыныстап, шомылып, жүзіп, табиғатпен үндесуге мүмкіндік алды. Он күнге жоспарланған демалыс кезінде ұл-қыздар 5 мезгіл тамақтандырумен қатар саяхат, спорттық жарыстар мен өнер кештері, білгірлер бәйгесі сынды мәнді де мазмұнды шаралармен қамтылмақ.
Кәсіподақ мүшелерінің балалары лагерьде тынығып қана қоймай денсаулығын нығайтып, жаңа достар тауып, қызыққа кенеліп, ұмытылмас әсер алатыны сөзсіз.
Жазғы каникулдың аяғына дейін балалар кезең-кезеңімен денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастырып, шынығып, ширап, алдағы оқу жылында озық көрсеткіштерге жететініне сенім білдіре отырып, Маңғыстау облыстық кәсіподағы мен оның филиалдары алдағы уақытта жалпы облыста 100-ден аса баланы демалыспен қамтуға демеушілік көрсетеді.
Салалық кәсіподақтың Маңғыстау облыстық ұйымы